Әр түрлі

Өңірде референдумды қоғамдық қолдау штабы құрылды

Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі бүкілхалықтық референдум 1 айдан соң өтпек. Бұл тарихи іс-шарадан бірде-бір жан қалыс қалмауы қажет. Әр азамат жаңа әрі әділетті Қазақстанның іргетасын қалауға үлес қосуы тиіс. Ал әрбір отандасымыз ат салысуы үшін бүгіннен ақпараттандыру жұмысына қарқын қосқан жөн. Осыған орай еліміздің барлық өңірінде референдумды қоғамдық қолдау штабы құрылып отыр.

Күлімкөз Смайылова, референдумды қоғамдық қолдау облыстық штабының мүшесі
– Облыстық штабқа 23 азамат енді. Олар: әр түрлі партиялардың өкілдері, кәсіпкерлер, белсенділер. Бұл жандар қоғам арасында танымал, барлығы Президенттің саясатын толығымен қолдайды.

Бұған дейін референдум Ресей мен Қырғызстанда ұйымдастырылғаны мәлім. “Алайда, бізде өтетін саяси іс-шара көршілердікінен өзгеше”,- дейді облыстық штабтың мүшесі Зәкіржан Мамлютов. Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы қазақстандықтар биліктің емес, қоғамның беделін арттырмақ.

Зәкіржан Мамлютов, референдумды қоғамдық қолдау облыстық штабының мүшесі:
– Біздің референдум Қазақстанды суперпрезиденттік елден, парламенті мықты елге айналдыруды көздейді. Яғни, Президент өзінің билігін шектегелі отыр. Бұл барлық жүйенің өзгеруіне әкеледі. Сондықтан, баршамыз дауыс беру қажетпіз. Біз 30 жылдың көлемінде мемлекетіміздің іргетасын қаладық. Енді Екінші Республиканың қабырғасын бірге қалайық!

Бірлік бар жерде тірлік бар! Референдумды қоғамдық қолдау облыстық штабының мүшелері солтүстікқазақстандықтарды қатарға қосылуға және тарихи іс-шараға қатысуға шақырады.

Байболат Култанов