МТРА жаңалықтары

Әлихан Смайылов ЖЭО-ға жоспардан тыс тексеріс жүргізуді тапсырды

Наурыздың 20-сы күні Петропавл 2-ші ЖЭО-ында дәл осы түтін мұржасы опырылып түсті. Төтенше жағдайдан кейін бес қазандық істен шықты. Соның салдарынан қала тұрғындары бір тәуліктен астам уақыт бойы жылусыз қалды. Маңызды объектідегі апаттың кесірінен биыл петропавлдықтар үшін жылыту маусымы 1 айға ерте тәмамдалды. Мамандардың айтуынша қазір келесі қауырт кезеңге дайындық қызу жүріп жатыр.

Андрей Калиничев, “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ бас директорының міндетін атқарушы:
– Орталықтағы апаттың салдарын жою және келесі қысқы кезеңді қиындықсыз өткеру үшін арнайы жоспар әзірленді. Жоспар орындалып жатыр. Нақтырақ айтатын болсақ, 4-ші және 5-ші қазандықтар 2-ші түтін мұржасына қосылады. Сондай-ақ, биыл 4 агрегат күрделі жөндеуден өтеді. Жалпы, қазандықтарды қалыпқа келтіру үшін 8 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Жоспар бойынша қыркүйек айына дейін 6 агрегат жылыту маусымына сақадай сай болмақ. Ал қазанда тағы 3-уі іске қосылады. Петропавлдықтарды қысқы уақытта жылумен қамтамасыз ету үшін 9 қазандық жетіп қалады.

Опырылып түскен мұржаны қайта қалыпқа келтіруге бола ма, жоқ па – оны сараптама нәтижесінен кейін ғана білеміз. Қорытынды мамыр айының соңында дайын болады. Егер мұржаның іргетасы жарамды болса, ол қалыпқа келтіріледі. Нәтижесінде тағы 2 қазандықты іске қосуға мүмкіндік туады. Ал егер опырылып түскен мұржаның орнына жаңасын салу керек болса ше? Бұл сұраққа “Орталық Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы” АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Сергей Кан жауап берді.

Сергей Кан, “Орталық Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы” АҚ директорлар кеңесінің мүшесі:
– Егер мұржаны толығымен демонтаждау керек болса, шаруа 2 жылға созылуы мүмкін. Яғни жаңа мұржа 2023-2024 жылғы жылыту маусымында ғана дайын болады.

Сергей Кан өз сөзінде Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа
опырылып түскен мұржаға қатысты мемлекеттік сараптамадан өту процесін жеделдетіп беруді сұрады.

Сондай-ақ, Премьер-Министр Әлихан Смайылов маңызды нысанда күрделі жөндеу жұмыстары компанияның есебінен жүргізілуі тиіс екенін атап өтті.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
– Алдағы жылыту маусымына сіздер 100 пайыз дайын болуларыңыз керек. Сондықтан, барлық жұмысты сапалы, еш кідіріссіз, кестеде белгіленген мерзімде аяқтау қажет.

Әлихан Смайылов сөзін қорытындылай келе Энергетика министрлігіне елдегі барлық жылу электр орталықтары мен су электр станцияларына жоспардан тыс тексеріс жүргізу тапсырды.

Дана Ешкенова