МТРА жаңалықтары

Салт атты сақшылар саяжайлардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде

Салт атты сақшылар саяжайлардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде. Сәуір айының ортасынан бері облыс орталығының шеткері аудандарында орналасқан жазғы үйлерді кавалериялық бөлімше қызметкерлері тексеріп жүр. Мамандар қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалап, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша арнайы жұмыс жүргізіп жатыр.

 

Кавалериялық бөлімшеде 13 қызметтік жылқы бар. Мамандар оларды қыс бойы баптап, қауырт маусымға дайындайды. Ал көктемде полицейлер атқа қонып, жұмысқа кіріседі. Атқарылар шаруа оңай емес. Түрлі құқық бұзушылықтың алдын алу үшін жол талғамай, күн-түн демей саяжайлардағы тыныштық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажет. Биыл тәртіп сақшылары бұл іске сәуір айының ортасынан кірісіпті.

Саяжай маусымы қызған шақта алкогольді ішімдікпен өтетін басқосулар, қараусыз қалған үйлерге тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлғалардың иелік етуі. Осы қос мәселе -полицейлердің басты бақылауында. Атқа қонған сақшыларды кез келген саяжай иесі «102» арнасы арқылы немесе өз учаскелік полиция инспекторымен байланысқа шығып, шақыра алады.

Мейірбек Шалбай, қалалық ПБ ППБ кавалериялық бөлімшесінің полицей-кавалерисі:
– Күн жылынып, көктем келісімен саяжай учаскелерінің иелері қыстан қалған қоқыстарын шығарып, аумақтарын ретке келтіріп жатыр. Осыған байланысты біздің жұмыс басталды. Күнделікті кезекшілікке шығамыз. Тәртіпті қадағалап, осы саяжай учаскелерінің төрағаларымен, күзетшілерімен бірігіп жұмыс істейміз.

Полицейлер жаз мезгілі қарсаңында бағбандар мен демалыс күндерін қала сыртында өткізетін адамдарды барынша мұқият болуға шақырады. Шаруашылық құралдары мен велосипедтерін қараусыз қалдырмай, өрт қауіпсіздігін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.

Алдияр Айтпаев