Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс орталығында медресе салынады

Медресе – ғұламалар бесігі. Бәрімізге белгілі ұлы ақын Абай Құнанбайұлы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, ғалым Шоқан Уәлиханов секілді көптеген көрнекті тұлғалар білім жолын медреседен бастаған. Осылай діни сауат ашып, рухани азық жинаған бабаларымыздың ізін жалғаушылардың саны солтүстікқазақстандықтармен де толықпақ. Бұл жайында Рамазан айын қорытындылаған облысымыздың бас имамы Хамзат Қажымұратұлы айтты.

 

Көзді ашып-жұмғанша ораза да аяқталды. Қасиетті Рамазанда бір ай бойы күллі мұсылман қауым көбірек қайырымды іс жасап, жүрегіндегі иманы мен рухани байлығын одан бетер байыта түсуге тырысты. Осы орайда облыс көлемінде түрлі ізгі бастамалар қолға алынып, көмекке мұқтаж адамдарға жәрем көрсетілді. Ал жақсылық жасауға ұмтылған жандардың басын қосқан орын ол – әрине, қасиетті Азан үні естілетін жергілікті мешіттер.

Хамзат Әділбеков, облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы:
– Облыс бойынша жамағатқа ауызашар ұйымдастырдық. Әр түрлі диаспора өкілдері ораза ұстаған азаматтарға ауыз аштырды.

Көк тудың, бір шаңырақтың астында иық тірестіре өмір сүріп келе жатқан мұсылман қауымы қиын жағдайға тап болған жерлестерімізге де көмектесті. Мәселен, жақында Шал ақын ауданының кәсіпкерлері көмекке мұқтаж отбасына су жаңа баспана кілтін сыйлапты.

Хамзат Әділбеков, облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы:
– Рамазан айында «Ел үлесі пәтерге» жобасы аясында кәсіпкерлердің қолдауымен және Зекет қорының ұйымдастыруымен жағдайы төмен отбасына баспана сыйладық. Бұл – биыл берген 2-ші үй.

Мешіт имамдары рухани-ағарту бағытында да елеулі жұмыс атқарыпты. Дін мамандары онлайн байланыс арқылы түрлі тақырыпта уағыздар айтып, халықты жақынына жақсылық жасауға және елдегі ынтымақ пен бірліктің артуына үлес қосуға шақырған. Одан бөлек, облыс орталығында Құран оқудан жарыс ұйымдастырылды және жамағат үшін отандық ислам ғалымдарымен кездесуге де мүмкіндік жасалды. Осы орайда қуанышты жаңалықпен де бөлісе кетейік. Өңір тұрғындарының өтініші бойынша жақында Петропавлда медресенің құрылысы басталмақ.

Хамзат Әділбеков, облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы:
– Қазіргі күні мешіттерде шәкірттер оқып жатыр. Бірақ, сонда да жүйелі білім беретін бағдарлама болу керек. Ол үшін медресе қажет.

Медресенің жобасы уақытында дайын болса, ел азаматтарының қолдауымен құрылыс жұмыстары жыл соңында басталып кетуі мүмкін дейді өңірдің бас имамы Хамзат Қажымұратұлы.

Бердимурат Баймухан