Мәдениет

Петропавлда “Korpe Fest” халықаралық мега фестивалі бастау алды

Жақында елімізде “Бақытты отбасы” атты мемлекеттік бағдарлама бастау алды. Оның арқасында жұмыссыз жүрген жандар еңбекпен қамтылмақ, халықтың табысы артпақ және ұлттық қолөнеріміз дамымақ. Тың бастама аясында ұйымдастырылған алғашқы жоба Қызылжар төрінде өткізіліп отыр. Ол – “Korpe Fest” халықаралық мега фестивалі. Іс-шараның шымылдығы тамаша арнаумен ашылды.

Қыз-келіншектерге арналған 3 күндік іс-шараға танымал этнодизайнер Ырза Тұрсынзада арнайы келіпті. Ол залға жиналған азаматшаларға тігіншіліктің қыр-сырын тегін үйретпек.

Ырза Тұрсынзада, этнодизайнер, “Құрмет белгісі” орденінің кавалері
– Фестивалдің мақсаты – үйде отырған қыз-келіншектерді жұмыспен қамту, нәпақа табуға жәрбем беру. Мына жерде 8 жастағы қыз жүр. 5 жастан іс тігеді. Жаңа “Қанша мал таптың?” деп сұрадым. Маған “Кеше ғана 150 мың теңгенің тапсырысын алдым” деп жауап берді.

Жас шебердің аты-жөні – Жаннұр Дүйсен. Нұрсұлтандық сүйкімді қыз бүгінде құрақ, қыз жасауындағы кейбір дүниелерді, көрпеше, ойыншық доптарды тігеді. Соңғысын жақында 2 мың теңгеден сатыпты. Бір қызығы, жеткіншектің ағасы мен сіңлісі де тігіншілікпен айналысады екен.

Жаннұр Дүйсен, жас тігінші, Нұр-Сұлтан қаласы:
– Мынандай допты 7 жасымнан тігемін. Өзім тігемін. Анам көмектеспейді.

Фестиваль басталып та кетті. Ырза Тұрсынзада 90-ға тарта қатысушыны көрпе тігуге үйретуде. Шебердің іс-қимылы көпшілікке көрінбей қалуы мүмкін. Осыны ескеріп ұйымдастырушылар үлкен экран қойыпты. “Жеті рет өлшеп, бір рет кес” қағидасын берік ұстанатын этнодизайнер өңірімізде тігіншіліктің кенжелеп қалғанын жасырмады. Бұл мәселені шешуге болады. Ол үшін елорданың тәжірибесін қолға алу қажет.

Ырза Тұрсынзада, этнодизайнер, “Құрмет белгісі” орденінің кавалері
– Біз бір орталықта 14-ке жуық мамандықты үйретіп жатырмыз. Бұл мамандықты күні-түні үйрету керек. Бұл – сұраныс жоғары керемет мамандық. Тұрақты үйрету орталығын, тұрақты сатылым алаңын ашу керек. Сонымен қатар, бұны ақысыз негізде жүзеге асыру қажет.

Халықаралық мега фестиваль еліміздің әр өңірінен келген нәзікжандылардың басын қосты. Сонымен қатар, бұл іс-шараға Ресейдің көршілес орналасқан облыстарынан келген шеберлер қатысуда.

Қанаш Жүнісова, “Korpe Fest” халықаралық мега фестиваліне қатысушы, Көкшетау қаласы:
– Жобаға келген себебім – әр қалада өтіп жатқан фестивальге қатысып, білмегенімді үйрену, білгенімді үйрету. Білгенім бір тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыз.

“Korpe Fest” халықаралық мега фестивалі мамырдың 5-ші жұлдызына дейін жалғасады. Шара Н.Погодин атындағы орыс драма театрында өтуде. Жабылу салтанатында қатысушылар өз жұмыстарын көпшілікке таныстырып, сатылымға шығармақ.

Байболат Култанов