Спорт

“Қолжетімді спорт” жобасы жалғасуда

Надежда Коновалова бала кезінен дене шынықтыруға жақын. Кезінде шаңғы тебумен, волейбол және каратемен шұғылданған екен. Белсенді зейнеткер жақында спорттың тағы бір түрін меңгеруді қолға алыпты. Ол – үстел теннисі. Ракетканы ұстау, шарды қабылдау, соққы жасау. Мұның бәрін жерлесіміз «Қолжетімді спорт» жобасы аясында үйренуде. 80 жастағы жерлесіміз жаттығу сабақтарына бір өзі емес, құрбысымен келіп отыр.

Надежда Коновалова, қала тұрғыны:
– Осында келіп жүргеніме 2 жұма болды. Үстел теннисі өзіме қатты ұнайды. Менің қызығушылығымды “Спорт шеберіне үміткер” атағы бар немерелерім оятты. Кейде олар маған ақыл-кеңес беріп, техникамды дамытуға көмектеседі. Елімізде «Қолжетімді спорт» жобасы пайда болғанына қуанамын. Жасыма қарамастан әрдайым қозғалыста жүргенді құп көремін.

Үстел теннисінің берері мол. Бұл спортта қол-көз координациясы жақсарады, ақыл-ой сергиді, буындар нығаяды. Яғни, үлкенге де, кішіге де пайдалы. Ал арамызда таланатты жастар жетерлік. Солардың бірі – 17 жасар Роман Климошенко. Қазір ол үстел теннисінің қыр-сырын әжептәуір меңгеріп қалыпты.

Роман Климошенко, қала тұрғыны:
– Теннис маған дене қозғалысымның шапшаңдығын арттыруымен ұнайды. Бұрын бұл спорт түрімен әуесқой деңгейде шұғылданатынмын. Ал «Қолжетімді спорт» жобасының арқасында кәсіби жаттықтырушымен айналысуға мүмкіндік туып отыр. Қазір техникамды арттырудамын.

Спорт сабағына кез келген адам келе алады. Ол үшін арнайы нөмірге хабарласып, жазылу қажет. Бәрі тегін, арнайы жабдықтар да сол жерде беріледі. Жаттығулар әр сәрсенбі және жұма күндері кешкі сағат 6-да басталады. Айта кетейік, “Қолжетімді спорт” жобасы тұрғындарды дене шынықтыруға баулу мақсатында қолға алынып отыр.

Виктор Бестик, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы:
– Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен “Қолжетімді спорт” жобасы бастау алды. Қыркүйек айына дейін жалғасатын бастама аясында тұрғындар 5 спорт түрі бойынша шыныға алады. Олар: үстел теннисі, жүгіру, скандинавиялық жүру, карате және фитнес. Барлығы тегін.

Әзірге, спорттық сабақтар саябақтар мен спортзалдарда өткізіліп жатыр. Ал маусым айынан бастап келушілердің барлығы таза ауада шынығатын болады.

Самал Жунусова