МТРА жаңалықтары

Қалада «SOS» бағандары жұмыс істеп тұр

Бердімұрат Баймұқан, тілші:
– Петропавл көшелерінде орнатылған «SOS» бағандары «102» жедел желісінің принципі бойынша жұмыс істейді. Егер сіз заттарыңызды жоғалтып алсаңыз немесе телефоныңыздың қуаты өшіп қалса мына түймеге басып, диспетчерлік орталықтағы мамандармен тікелей байланысқа шығуыңызға болады.

Хабар түскен бетте диспетчерлік орталықтағы мамандар қоңырау шалған кісімен тілдесіп, оның қандай мәселемен жүгініп тұрғанын сұрайды. Осылайша көмекке шақырған жерге жақын маңда орналасқан полиция модуліндегі тәртіп сақшыларын жібереді.

Алмаз Сәдуақасов, СҚО ПД ақпараттандыру және байланыс басқармасының аға инженері:
– Былтыр Петропавлдағы екі көшенің бойына дабыл түймесін орнаттық. Яғни, Алтын Арман базары мен Назарбаев Зияткерлік мектебінің маңында. «SOS» бағаны арқылы кез келген қауіпті жағдайға тап болған адамдар полиция шақырта алады. Мамандар хабарласқан кісіні бейнебақылау камерасы арқылы көреді және онымен дыбыстық байланысқа шығады.

Баған былтыр орнатылса да қала тұрғындарының көбісі оның не үшін тұрғанын білмейміз дейді. Осы орайда өз ойларымен де бөлісті. Біреу «Оның қажеті шамалы, телефон бар емес пе?» десе, басқасы керісінше мұндай бағандар көп болса екен дейді.

– Бұл жерден күнде өтемін. Бірақ аппараттың не үшін тұрғанына мән бермеппін. Негізі жақсы дүние екен.
– Барлық қоғамдық орындарға осындай бағандар орнатылса жақсы болар еді. Телефонның қуаты өшіп қалған кезде көмегі тиеді.

Енді қаладағы жалпы тәртіптік ахуалға ойыссақ. Өткен демалыс күндері петропавлда жағдай бірқалыпты болды дейді қалалық ПБ-сы жедел басқару орталығы бастығының орынбасары Қанат Қасенов.

Қанат Қасенов, қалалық ПБ жедел басқару орталығы бастығының орынбасары:
– Демалыс күндері «102» жедел желісіне 700-ге жуық телефон қоңырауы келіп түсті. Мереке күні 72 әкімшілік құқықбұзушылық бойынша хаттама толтырылды.

Жалпы, қазіргі күні Петропавлда 400-ден аса бейнебақылау камерасы бар. Олардың көмегімен полицейлер қала ішіндегі тәртіпті қадағалайды. Сонымен қатар, мамандар мектептердің ішіндегі камералар арқылы да оқушылардың қауіпсіздігін бақылап отырады.

Бердимурат Баймухан