ТЖ

Өңірде өрттен 4 адам қаза тапты

Ақжар ауданында қайғылы оқиға болды. Май ауылында үй өртеніп, 4 адам қаза тапты. Жаға ұстатарлық жағдай бүгін түнгі 3 жарымда болды. Аталған елді мекенге ең жақын өрт сөндіру қосыны 53 шақырым жерде орналасқан. Жергілікті тұрғындар мамандар келгенше дейін жанып жатқан үйді өздері сөндіруге тырысыпты. 59 жастағы әйелдің денесін тауып алып сыртқа шығарған. Құтқарушылар келген кезде баспана лапылдап жанып жатқан. Өртті сөндіру барысында мамандар 58-ші жылы туған үй иесі және қонаққа келген 55 пен 47 жастағы азаматтардың жансыз денелерін тапты. Сонымен қатар, өрт сөндірушілер баспана ішінен 1 газ баллонын алып шыққан.

Әділ Спаен, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Өрт түнгі сағат 5:40-та толық сөндірілді. Қызыл жалынды сөндіруге 4 бірлік техника мен өрт сөндіру бөлімшелерінің жеке құрамы, 14 жергілікті тұрғын жұмылдырылды. Оқыс оқиға салдарынан үй толық өртеніп кетті. Оның себебі мен материалдық залал көлемі анықталып жатыр.

Бердимурат Баймухан