МТРА жаңалықтары

Кәсіподақ қозғалысы ардагерлерінің аллеясына 10 түп шырша егілді

 

Жұмысқа кіріспес бұрын саябаққа жиналған жұртшылықты айтулы күнмен облыс әкімінің орынбасары Тимур Сұлтанғазиев құттықтады.

Тимур Сұлтанғазиев, СҚО әкімінің орынбасары:
– Бүгінгі мереке ерекше. Бүкіл әлемде аталып өтілетін “Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні”. Бұл өте өзекті дүние және бізде соны қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыс атқарылып жатыр.

Мінекекей, кәсіподақ қозғалысы ардагерлерінің аллеясында қызу жұмыс басталып кетті. Бүгін бұл саябаққа 10 түп сібір шыршасы егіледі. Игі іс-шараға Қозыбаев университеті кәсіподағына мүшелік ететін студенттер де қатысып жатыр. Жоғары оқу орнының өкілдері осы саябақта осымен 3-ші рет ағаш еккелі отыр.

Сергей Кламм, Қозыбаев университеті кәсіподағының төрағасы:
– Бұл маңызды іс-шара деп ойлаймын. Себебі, қаламыз құлпырып, экологиямыз да біршама жақсара түседі. Жалпы, біз үшін ерекше есте қаларлық сәт. Жылдар өте осы жерден өтіп бара жатып, студенттік шағымызды еске алармыз.

Кәсіподақ қозғалысы ардагерлерінің аллеясына дәстүрлі түрде көшет отырғызу ісі осыдан 3 жыл бұрын қолға алыныпты. Әуелі 10 түп шырша егілген екен. Бүгінде жасыл желектің саны 101-ге жетіп отыр.
Бұдан кейін саябаққа жиналған қауым кәсіподақтар үйіне ат басын бұрды. Мекеме кіреберісінде көрме қанат жайыпты. Көпшілік назарына түрлі сала еңбеккерлерінің қызметтік киімдері ұсынылып отыр. Ал дөңгелек үстел жиынында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету тақырыбында сөз қозғалды.

Людмила Голенкова, “СҚО кәсіподақтар орталығы” АКБ бас маманы:
– Әлеуметтік әріптестік институты еңбек қатынастарын реттеуде маңызды рөл атқарады. Бұл арқылы біз кәсіподақ қызметкерлеріне заңда бекітілгеннен де жоғары кепілдіктер беруге мүмкіндік аламыз. Оның ішіне еңбек демалысы және зиянды еңбек жағдайлары үшін қосымша демалыс күндерін беру жөніндегі мәселелер кіреді.

Айта кету қажет, өңірде 1500-ға тарта кәсіподақ бар. Ұйымдарға 65 мың солтүстікқазақстандық мүшелік етеді.

Алдияр Айтпаев