Денсаулық сақтау

Еуропалық иммундау апталығы бастау алды

Қызылша, шешек, құтырма, іш сүзек, қызамық пен сіреспе. Атай берсе көп. Арасында адам өміріне қауіп төндіретін аурулар да бар. Жалпы саны – 16 инфекциялық және паразиттік кесел түрлері. Соңғы бірнеше жылда қатарға коронавирус та қосылды. Қазіргі күні аталған дерттерден сақтанудың бір ғана жолы – ол вакцина қойдыру. Иммундау шарасынан өткен жан үшін бұл аурулардан келетін қатер шамалы дейді санитар дәрігерлер.

Салтанат Бекқожина, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:

– Қазіргі күні елімізде инфекциялық және паразиттік ауру түрлері бойынша вакциналау жүргізіліп жатыр. Иммундау шарасы тегін жүргізіледі. Сонымен қатар, вирусты гепатит, дифтерия, туберкулез, оба мен кене энцефалитіне қарсы екпе алуға болады.

Сондай-ақ, тұрғындар арасында профилактикалық егпе алуға міндеттелген адамдар да бар. Олар мыналар:

1. инфекциялық аурулардың табиғи ошақтарында тұратын және жұмыс істейтін;
2. медицина қызметкерлері;
3. кәріз және құбыр тазарту құрылыстарының қызметкерлері;
4. қан құйғызған адамдар мен медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған балалар;
5. балалар, сәбилер мен қарттар үйіндегі адамдар;
6. жануар тістеген немесе қатты жарақат алған жандар.

Мамандардың сөзінше вакцинадан қорқудың еш қажеті жоқ. Себебі, иммундау шарасы мыңдаған адамды қызылша, шешек пен жұлын қабынуынан сақтап қалған екен.

Бердимурат Баймухан