МТРА жаңалықтары

Есіл бойы қоқыстан тазартылды

Ерке Есіл өзіне тамсандыра қаратқанымен, жағасы жиіркеніш сезімін ұялатады. Бұл жерде сан түрлі қоқыс жатыр. Полиэтилен пакет, темекінің қорабы, жағалай тасталған темекі тұқылы. Бұл – адам баласына жат қылық. Бірақ, бес саусақ бірдей емес. Қоршаған ортаға бейжай қарайтын тұрғындардың қалдығын енді мына жандар жинамақ. Араларында студенттер де бар. Ұлжан Қайнашова Қозыбаев университетінде оқиды. 19 жастағы болашақ эколог іс-шараға қатарластарымен қатысуда.

Ұлжан Қайнашова, Қозыбаев университетінің студенті:

– Менің мамандығым – эколог. Сондықтан, бұл іс-шараға бейжай қарай алмадық. Достарымызбен қатысып жатырмыз. Есілдің жағасы өте ластанған. Біз өз табиғатымызды өзіміз ластап жатырмыз. Бұлай болмайды. Біз табиғатты таза ұстауымыз қажет.

Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарылғасын аумақ аз уақыттың ішінде тазарды. Шаруа аяқталар шақта мұнда жүк көлігі келді. Осылайша, табиғат жанашырларының қолындағы қап-қап қоқыс тіркемеге тасталды.

Азамат Бектасов, СҚО бойынша экология департаментінің басшысы:

– Бұл қоқыстар екіге бөлініп жиналады. Қайта өңдеуге болатындарын қаламыздағы кәсіпорынға жібереміз. Ал өңдеуге жарамайтындарын қала сыртына шығарамыз.

Акция қатысушыларының үлкен өтініші бар. Олар тұрғындардан жазғы уақытта мәдениетті демалуды сұрайды және қоғамдық іс-шараларға белсене қатысуға шақырады.

Азамат Бектасов, СҚО бойынша экология департаментінің басшысы:

– Жақында елімізде “Бірге – таза Қазақстан” акциясы өтеді. Соған қала тұрғындарын, ауыл тұрғындарын шақырамыз.

Жоспар бойынша “Бірге – таза Қазақстан” акциясы маусым айында өтеді. Осы орайда айта кетейік, бүгінгі “Таза су айдындары” іс-шарасы барысында өзен-көлдердегі торлар да анықталуда. Біреу білсе, біреу білмес, бүгінде балық аулауға болмайды. Алайда, бұл тыйымға қарамастан тұрғындар “қармақ салуды” қояр емес. Оған статистика дәлел. Сәуірдің 15-ші жұлдызынан бері мамандар 100-ге жуық тор тауыпты. Тазалық акциясы соңында жиналғандар табиғат аясында дайындалған балық сорпасынан дәм татты.

Байболат Култанов