Мәдениет

Мұғалімдердің актерлік шеберліктері сыналуда

«Қыз Жібек» спектаклі талай рет сахналанса да әрдайым жүректі тебірентеді. Онда пәк махаббат та бар, қызғаныш пен көре алмаушылық та көрініс табады.
Бүгін 17-ші мектептің шағын сахнасында үлкен туынды қойылып жатыр.
Әртістер – мұғалімдер.

Балғат Шаяхметов, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі:

– Осы спектакльді Базарбайдың рөлін сомдаймын. Төлегеннің әкесін. Базарбай деген, ол Төлегенге Жібекті әпергісі келмейді. Жағалбайға құда түскісі келеді. Шектігінің ауылына Төлегенді қорғатуға жол бермейді. Осы рөлге дайындалғанымызға 1 айдай уақыт өтті.

Бір спектакльге 30 адам қатыстырылған. Мұғалімдер, ал бүгін олар – актерлер бүкіл ойды 15 минутқа сыйдыруы керек. Байқауда 17-ші мектеп мұғалімдері барын салуда. Туындының идеясы, кейіпкерлердің мінезі қазақ тілінде жеткізілуде. Төлегеннің анасын сомдау Ольга Серебряковаға бұйырыпты.

Ольга Серебрякова, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:

– Қазақ тілінде таза сөйлеуге тырысып-ақ жатырмын. Қай сөзге екпін беру керек, эмоцияны қалай көрсету қажет – оның бәрі әріптестерім нұсқап, демеп жіберді.

Спектакльдің қойылуын мемлекеттік қызметшілер мен журналистерден құралған қазылар алқасы мектептерді аралап жүріп бағалауда. Олар 3 күнде 22 білім ұясының өнерін таразылауы керек. Соның ішінде тіл тазалығы, образға ену, түр-тұлғалары және ойдың жеткізілуі бағаланады.

Гаухар Темірбаева, қалалық білім бөлімінің әдіскері:

– Ғ.Мүсіреповтің шығармашылығын насихаттау. Сонымен қатар, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту. Өйткені, біздің мұғалімдер қыркүйек айынан бастап мамыр айына дейін қазақ тілі үйірмелерінде оқып жатыр. Соның қорытынды нәтижесі ретінде осы байқауды ұйымдастырып жатырмыз.

Бұл байқау өңірде алғаш рет өткізіліп отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша мектептегі сабағымен қатар бір ай бойы спектакльге дайындалған мұғалімдердің белсенділігі мен құлшынысы мақтауға тұрарлық.

Самал Жунусова