МТРА жаңалықтары

Облыс халқын қауіпсіз өніммен қамтамасыз ету – басты назарда

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары сан алуан тауар түрлерін ай сайын тексеріп отырады. Былтырдың өзінде бейінді ведомство өкілдері 260 сауда нысанынан сатылып алынған 3 мыңнан астам затқа зерттеу жүргізген. Талдау нәтижесі бойынша сынама жүргізілген өнімдердің 17%, яғни, 556-сының техникалық регламенттер мен санитарлық талаптарға сәйкес келмейтіндігі анықталды.

Данияр Оспанов, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:

– Алынған 3135 сынаманың 2042-сі азық-түлік өнімдеріне қатысты. Анықталғандай бұл санатта техникалық регламенттер мен гигиеналық нормативтерге 362 сынама сәйкес келмеді. Ал қалған 1093 талдау киім мен ойыншықтарға жүргізілді. Мұнда 194 тауар түрінде арнайы талаптар ескерілмегені анықталды.

Өткен жылы сынамалардың дені Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін елдерден әкелінген тауарларға жасалған. Талдау көрсеткендей біздің нарыққа Ресей, Қытай, Түркия сынды елдерден түскен азық-түлік пен киім-кешектің 62%-ы арнайы стандартқа сай болмай шыққан. Көп шетелдік өндіруші «маркировка», яғни, тауар сыртындағы жазудан қате жіберіп жатқан көрінеді.

Данияр Оспанов, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:

– Кейбір тауар сыртында өндіруші компанияның атауы және ол кәсіпорынның мекенжайы жазылмай қалып жатады. Тағы кейбір өнімнің қашан дайындалғаны мен жарамдылық мерзімі жұмбақ күйінде қалады. Сондай-ақ, тауардың сипаттамасы өзге тілде ғана жазылған жайттар тіркеледі. Яғни, қазақша және орысша аудармасы болмайды.

Санитарлық талаптарды бұзған тауар өндірушілерге былтыр 126 рет қағаз түрінде ескерту жасалған екен. Осылайша кәсіпорын иелері өздерінің тарапынан кеткен олқылықтарды түзеген. Айта кету қажет, өңірде өткен жылы санитарлық талаптарды бұзғаны үшін 3 бірдей ұн тарту комбинаты өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын сертификаттарынан айырылған.

Алдияр Айтпаев