МТРА жаңалықтары

№17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінде Бірлік күні аталып өтілді

№17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің оқушылары мен ұстаздары мәз-мейрам. Келген қонақтарды құшақ жая қарсы алып жатыр. Оларға арналып мұнда даладай дастархан жайылып, дәмі тіл үйірер ұлттық тағамдар ұсынылып отыр.
Ұсынылған астың бәрін мектеп мұғалімдері мен оқушылары әзірлеген екен. Саида Әбілмәжінова бұл мерекеге арнап анасымен бауырсақ пісіріп әкеліпті.

Саида Әбілмәжінова, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің оқушысы:

– Мен ата-анаммен бірге осы мерекеге дайындалдым. Бауырсақ пісірдік. Кейде бешбармақ дайындайтынбыз. Баршаңызды 1 мамыр – Бірлік күнімен шын жүректен құттықтаймын.

Қазақ, орыс, татар, әзірбайжан мен корей. Бір шаңырақ астына жиылған ұлт өкілдері бір-бірін келе жатқан мерекемен құттықтап, игі тілектерін білдіріп жатты.
Мерекелік шара мектеп жанындағы 3 бірдей спорттық алаңда қанат жайған. Солардың біреуінде жәрмеңке ұйымдастырылса, екіншісінде ата-аналар ыстық тамақ пен шәй ұсынып жатыр. Ал үшіншісінде балалар спорттық жарыстардан сынға түсуде. Жалпы, шуақты мерекені атап өтуге мектептің 700-ге жуық оқушысы ат салысып жатыр.

Ләззат Жалмұқанова, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің директоры:

– Біздің мектепте 9 бөлім бар. 20-ға жуық ұлт өкілі білім алады. Әр бөлімдегі оқушылар өз тілінде сабақ оқиды. Өзге тіл үйренгісі келетіндер болса оған да жағдай жасалған.

Жалпы, 17-ші ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінде 2 мыңға жуық оқушы білім алып жүр.

Самал Жунусова