МТРА жаңалықтары

Смирново селосында 40 жастағы әйел пойыз астында қалған

 

Дана Сәлімқызы:

– Жыл басынан бері өңірде темір жолдың белгіленбеген жерін кесіп өтпек болған 350 адам анықталған. Желілік полиция бөлімінің мамандары олардың бір бөлігіне ескерту жасаса, қалғанын заңмен жазалаған.

Яғни, заңбұзушыларға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, 3 АЕК көлемінде айыппұл салынған. Соның өзінде ережені ескеретіндер шамалы. Мамандардың сөзінше, адамдардың көбі қауіпсіздік қағидаларын ұстанбай, рельстерден ары-бері аттап жүре береді. Немқұрайлылықтың салдары қайғылы оқиғаға әкеп соқтыруы мүмкін.
Соңғы сұмдық жағдай ағымдағы жылы наурыз айында Смирново теміржол станциясында тіркелген. 40 жастағы келіншек шойын жолдың тыйым салынған жерінен өтпек болған. Азаматша алған жарақаттарынан сол жерде көз жұмды.

Серік Қаражігітов, Петропавл станциясындағы ЖПБ бастығының орынбасары:

– Қазіргі таңда бұл фактіге қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Келіншек ішімдікке жақын болған деседі. Өткен жылы өңірде осыған ұқсас 3 қайғылы оқиға болды. Соның ішінде 1 факті – өз-өзіне қол жұмсау. Ал 2020 жылы өңірдегі теміржолдарда 13 қайғылы оқиға тіркелді.

Оқыс жағдайлардың алдын алу үшін желілік полиция бөлімінің мамандары күндіз-түні рейдтік іс-шаралар өткізіп, жолаушыларға жаднама қағаздарын таратады. Бұдан бөлек, тәртіп сақшылары пойыз ішіндегі тәртіпті де қатаң бақылауда ұстайды. Осылайша, мамандар биылғы 3 айдың ішінде есірткі тасымалдауға қатысты 5 заңбұзушылық анықтаған. Бұл фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, қылмыскерлер тиісті жазасын алған.

Ұлжан Жорақұлова, Петропавл станциясындағы ЖПБ аға инспекторы:

– Қызметтік итті пайдалана отырып 5 фактіні әшкереледік. Заңбұзушылар кінәларын толық мойындады. Жалпы, 66 грамм наша тәркіленді. Оның ішінде марихуана мен гашиш бар.

Сондай-ақ, желілік полиция қызметкерлері қауіпті теміржол аумағында кәмелетке толмағандар да қараусыз жүреді дейді. Биыл осындай 4 факті тіркелген.

Ұлжан Жорақұлова, Петропавл станциясындағы ЖПБ аға инспекторы:

– Биыл 4 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Себебі, балалары түнгі уақытта темір жол маңайында қараусыз жүрген.

Жалпы, жыл басынан бері желілік полиция бөлімінің мамандары 400-ге жуық түрлі құқықбұзушылық фактісін анықтаған.

Дана Ешкенова