Мәдениет

«Толағай» балалар театрында С.Шаймерденовтың пьесасы сахналанды

Зарина есімді жас келіншектің басты арманы – халқына адал қызмет ету, дәрігер болу. Алайда, күйеуі Тоғаш оған қарсы. Ол Заринаның жұмыс істемей, өзімен бірге мал бағып, үйде отырғанын қалайды.
Бұл спектакльде Заринаның образын Айжан Тастемірова сомдады. 14 жастағы жеткіншек осыған дейін шағын рөльдерде ойнаған екен. Ал бұл – оның алғашқы басты рөлі.

Айжан Тастемірова, Оқушылар сарайындағы «Толағай» балалар театрының актрисасы:

– Заринаның рөлін сомдаймын. Зарина өте ақкөңіл, күйеуіне сөз айта алмайтын әйелдердің қатарында болған. Спектакльді өте қысқа мерзімде сомдап шықтық. Толық емес бір ай дайындалдық. Осындай қысқа мерзімдегі жұмысымыз өте жақсы деп ойлаймын.

Қойылым С.Шаймерденовтың 100 жылдығына орайластырылған. Оны Оқушылар сарайындағы «Толағай» балалар театрының 10-нан астам жас актері сахналап жатыр. Спектакльді әзірлеген – балалар театрының жетекшісі Дәурен Тойбазаров.

Дәурен Тойбазаров, Оқушылар сарайындағы «Толағай» театрының жетекшісі:

– Бүгін біз балалармен «Қайдасың, Зарина?» пьесасын аз уақыт ішінде дайындап, тұсауын кескелі отырмыз. Бүгінгі балалардың жас ерекшелігі 7 мен 15-ті құрайды. Бұл жерде өнерді дамытып, Сафуан атамыздың аруағын құрмет тұтып, жарыққа шығу біздің парызымыз деп есептейміз.

Естеріңізге сала кетейік, «Толағай» балалар театры осыдан 3 жыл бұрын құрылған. Бүгінде оған 40-тан астам оқушы барып жүр.

Самал Жунусова