Спорт

«Qyzyljar»-дың қоржыны 1 ұпаймен толықты

Петропавл мен Нұр-Сұлтанның арасы шамамен 500 шақырымды құрайды. Бұл қашықтықты 50-ге тарта адам мінген автобус 8 сағаттың ішінде еңсерді. Жолда «Qyzyljar»-дың кейбір жанкүйерлері өте белсенді болды. Олар ұрандатып, футболшыларды қолдау сөздерін өзгелерге үйретті. Ал кейбірі тынығып алуды жөн көрді.

Дегенмен, стадионда барлығы жұдырықша жұмылды. Барабан қайта-қайта ұрылды, дамылсыз қол соғылды. Мұны футболшыларымыз сезінді. Олар алғашқы минуттарда басымдықты ақтөбеліктерге беріп қойғанымен, уақыт өте келе күшке мінді. Төккен тер өз нәтижесін берді. Бірінші тайм аяқталар шақта жартылай қорғаушы Дарко Зорич есеп ашып, төбемізді көкке жеткізді.

1 де 0. Алғашқы таймда біздің жігіттер қарсыластан басым түсті. Үзіліс кезінде теріскейде туған, бірақ қазір елордада тұратын «Qyzyljar»-дың жанкүйерлерін де кездестірдік.

Іске ерте кіріспесе жеңістің ауылы мүлде алыстап кететінін сезінген ақтөбеліктер 2-ші таймды шынымен де қарқынды бастады. Қайта-қайта шабуылдап, қорғаушылар мен қақпашыдан айлаларын асыруға тырысты. Дегенмен, дегендеріне 82-ші минутта бірақ жетті. Оның өзінде төреші белгілеген пенальтиден есепті теңестірді.

Байболат Бектемірұлы, тілші:

– Міне, жаңа ғана ақтөбеліктер есепті теңестіріп кетті. Қазір таблодағы есеп – 1 де 1. Ойынның аяқталуына 10 минуттай уақыт қалды. Төреші қосатын тағы 3-4 минут бар деп ойлаймыз. Біз қызылжарлықтардан тек жеңіс күтеміз.

Ойлағанымыз болмады. Матч аяқталар шақта қызылжарлықтар айып алаңынын ішінде ойын ережесін бұзды. Мұны төреші байқап, тағы да пенальти белгіледі. Осы сәтті жанкүйерлер сан соқты. Дегенмен, қырағы қақпашымыз Мирослав Лобанцев көп кешікпей қол соқтырды. Ол сағызша созылып, жоғары жылдамдықпен ұшқан допты қағып жіберді.

Евгений Козлов, «Qyzyljar» ФК жартылай қорғаушысы:

– Біз әр ойынға дайындалып, ұпай еншілеуді ойлаймыз. «Аktobe»-нің оңай шағылар жаңғақ еместігі белгілі. Сондықтан, тыңғылықты әзірлендік. Дегенмен, ойлағанымыз 100 пайыз жүзеге аспады. Кей сәтте бізге сәттілік серік болмады. Алда маңызды матчтар күтіп тұр. Олардың әрқайсысында жеңіске жетуге тарысамыз. Петропавлдан арнайы келген жанкүйерлерге алғысымды білдіремін.

Бұл ойыннан кейін жергілікті ұжым 5 ұпаймен турнирлік кестенің 11-ші сатысына тұрақтады. «Qyzyljar»-дың келесі қарсыласы – шымкенттік «Ordabasy». Бұл матч сәуірдің 23-і күні Шымқалада өтеді. Басталу уақыты – 17:00.

Байболат Култанов