Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірге ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов келіп кетті

Энергетика министрі Болат Ақшолақовқа алғаш болып облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Павел Афанасьев сұрақ қойды. Оны қуат өндіру ошақтарына Энергетика министрлігі қандай бақылау жұмыстарын жүргізетіндігі жайлы қызықтырды.

Павел Афанасьев, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі:

– Энергетика министрлігі жылу электр орталықтарын тексеріп тұра ма? Бұл ұйымдарда инвестициялық бағдарламалар іске асып жатыр ма деген сұрақ туындайды.

Болат Ақшолақовтың сөзінше, мұндай орталықтарды тексеру Энергетика министрлігінің құзыреттілігіне кірмейді.

Болат Ақшолақов, Қазақстан Республикасының Энергетика министрі:

– Жуырда біз Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы өтінім жасадық. Яғни, біздің министрлікке аталған орталықтарды қадағалау және бақылау функцияларын қайтару жөнінде. Өтінішті Үкімет те, Президент Әкімшілігі де қолдап отыр.

Алдағы уақытта Энергетика министрлігі еліміздің жылу электр орталықтарын толыққанды тексере алады және қажетті жағдайда қатаң ұйғарым да шығара алады. Бұдан кейін министрге мазалаған сұрақтарын кәсіпкерлер қойды. Альберт Багабиевтің мәселесі пайдаланған жарықтың төлемі жайында.

Альберт Багабиев, кәсіпкер:

– 2 қабатты үйдің 1-ші қабатында орналасқан шағын азық-түлік дүкенім бар. Мен электр энергиясы мен жылу үшін қабырғаның ар жағындағы көршіме қарағанда бірнеше есе көп төлеймін. Мені қандай да бір себептерсіз заңды тұлға ретінде тіркеген. Неге мен өзге тұтынушылардан көп төлеуім қажет?

Болат Ақшолақов, Қазақстан Республикасының Энергетика министрі:

– Сізді қарапайым тұрғындарға теңестіруге болмайды, өйткені сіз – алдымен жеке кәсіпкерсіз. Сіз дүкеніңізден пайда табасыз, сондықтан заңды тұлға санатына жатқызылдыңыз. Жалпы, бұл сұрақ Энергетика министрлігіне қатысты емес.

Бұдан кейін Болат Ақшолақов БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
Басты сұрақ – петропавлдық 2-ЖЭО-да наурыз айында
жартылай опырылып түскен мұржаның жағдайы не болмақ?

Болат Ақшолақов, Қазақстан Республикасының Энергетика министрі:

– Біздің қазіргі ең бірінші мәселеміз – қазандықтарды жөндеу. Алдағы жылыту маусымына 100 пайыз дайын болуымыз қажет. Мұржаға қатысты техникалық шешімдер қабылдануы керек. Әрине, биыл оны жасай алмаймыз. Оны салу үшін 1-2 жыл керек.

Жылу электр орталығына жаңа мұржа салу үшін кем дегенде 2 жыл қажет. Ал опырылып түскен мұржаны қайта қалыпқа келтіруге бола ма?

Болат Ақшолақов, Қазақстан Республикасының Энергетика министрі:

– Мүмкін, қалған мұржаны түгел бұзып тастамай, оның үстінен қайта салу бола ма, жоқ па деген сұрақ қарастырылып жатыр. Қазіргі таңда бұл сұрақты зерттеу институттары зерттеп жатыр. Зерттеу жұмыстары аяқталғаннан кейін ғана бұл сұрақтың жауабы белгілі болмақ. Егер іргетасы жарамды болса, үстінен жалғастырып жаңа мұржа саламыз.

Министрдің сөзінше, қазіргі таңда басты мақсат – алдағы жылыту маусымына дейін 9 қазандықты сақадай сай ету. Қалған 2-уі резервте болады. Нысанды күрделі жөндеуден өткізу үшін 17,5 млрд теңге бағытталған. Қомақты қаржы қайда жұмсалмақ?

Болат Ақшолақов, Қазақстан Республикасының Энергетика министрі:

– 17,5 млрд теңге тек қана қазандықтарға ғана жұмсалмайды. Оның ішіне жөндеу жұмыстарына қажетті барлық материал кіреді. Барлық шаруаны есептегенде 17,5 млрд теңге шығып тұр. Бірақ, бұл сандар өсуі мүмкін, Себебі, қазіргі таңда бағаның тұрақтылығы жоқ. Материалдардың бағасы күн сайын өсуде. Қажетті заттардың көбі шетелден әкелінбек.

Брифинг барысында Энергетика министріне облысқа газ құбыры қашан жетеді деген де сұрақ қойылды.

Болат Ақшолақов, Қазақстан Республикасының Энергетика министрі:

– СҚО-ына газды көрші елден тартуға болады немесе өзіміздің Сарыарқа құбырын жалғастырып осында әкелу. Ол құбыр Нұр-Сұлтан қаласына дейін жетті. Оны Көкшетау мен Петропавлға дейін тарту жоспары бар. Бұл сұрақ қазір техникалық зерттеу бақылауында. Ресейден жеткізетін болсақ, бұл мәселе 2 жыл көлемінде шешіледі. Ал өзімізден тартсақ, қосымша газ іздестіру қажет.

Дана Ешкенова