Білім

100-ден аса оқушы республикалық білім бәйгесінде сынға түсуде

Нияз Амангелді 11-ші сыныпта оқиды. Ол Шал ақын ауданындағы Кеңес орта мектебінен келіпті. Бүгін оқушы жағрапия пәнінен сайысқа түсіп жатыр. Білім бәйгесіне көп уақыт дайындалдым дейді. Яғни, 4 жылдан бері осы пәнді оқуға ерекше көңіл бөліп келеді екен. Бұрын да көптеген бәсекеге қатысып жүлделі орындардан көрініп жүрген жеткіншек, осы жолы да қарсыластарынан қамшы салмай озатынына сенімді.

Нияз Амангелді, Кеңес орта мектебінің оқушысы, Шал ақын ауданы:

– 7-ші сыныптан бастап олимпиадаларға қатысып жүрмін. Бүгін география пәнінен республикалық сайысқа қатысып жатырмын.

Олимпиада басталмастан бұрын мамандар қатысушыларды өз орындарына жайғастырып, оларды тестілеу ережесімен таныстырды. Кейін оқушылар арнайы сілтеме бойынша өтіп, жеке кабинеті арқылы тапсырмаларды орындауға кірісті. Ал олимпиаданың әділ өтуін комиссия қадағалайды.

Қуаныш Есқабұлов, “Дарын” республикалық ғылыми-практикалық орталығының өкілі:

– Кешеден бері барлығын қарап шықтым. Ұялы байланысты бәсеңдеткіш, металлодетекторлар ойдағыдай жұмыс істеп тұр.

Айта кетейік, білім бәйгесі сәуірдің 21-іне дейін жалғасады. Осы аралықта оқушылар жаратылыстану, математика және қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша сынға түседі.

Нәзір Жәшібеков, СҚО білім басқармасының басшысы:

– Бұған дейін облысымызда іріктеу кезеңі өтті. Оған елді мекендерден 7,5 мыңнан астам оқушы қатысты. Ұл-қыздардың ішінен 3017 бала аудандық кезеңге өтті. Тағы бір іріктеуден соң 408 оқушы облыстық кезеңге жолдама алды. Ал бүгін республикалық деңгейдегі білім бәйгесінде 102 оқушы бақ сынап жатыр.

Әр кезең аяқталғаннан кейін қатысушылардың жұмыстары сканерленіп, шифрланып, тексеруге жіберіледі. Тест нәтижелері “Дарын” республикалық ғылыми-практикалық орталығының интернет-ресурсында жарияланады.

Бердимурат Баймухан