Білім

СҚО-да Балалар жылы бастау алды

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңажылдық құттықтауында балаларға ерекше көңіл бөлу керектігін жеткізді. Президент өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағын жалпыұлттық міндет деп танып, 2022 жылды Балалар жылы деп жариялады. Осы ретте бүгін Петропавлдағы оқушылар сарайында ерекше іс-шара өтіп жатыр. Облыс орталығында «Балалар жылы» бастау алды.

Салтанатты іс-шараға бүгін облысымыздың дарынды да өнерлі, білімді де белсенді ұл-қыздары жиналған. Ерекше датаға орай талантты балалар қонақтарға би билеп, ән-жырдан шашу шашты.

Сонымен қатар, ортаға өңіріміздің маңдайалды оқушылары шығарылды. Залда отырған ұл-қыздарға олардың білім саласында жеткен жетістіктері таныстырылды. Мәселен, Нұрай есімді қыз қазір Назарбаев Зияткерлік мектебінде 10-шы сыныпта оқып жатыр. Оқушы ғылыми-жобалар жазумен айналысады. Республика деңгейінде бірнеше мәрте аймақ намысын қорғаған. Биыл да Шымкент қаласында өткен байқауға қатысып қола медаль иеленіпті.

Нұрай Қасым, Химия-биология бағытындағы НЗМ оқушысы:

– Жалпы, біздің жоба биология бағытында болды. Біз сабыннан ароматизатор ойлап таптық.

Салтанатты іс-шарада облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов сөз алды. Ол жиналған қауымды «Балалар жылының» ашылуымен құттықтап, оқушылар үшін жасалып жатқан мүмкіндіктер туралы айтты.

Ғани Нығыметов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Балалар, сендер – еліміздің болашағысыңдар! Сендердің сапалы білім алып, салауатты өмір салтын сақтауларың үшін мемлекет тарапынан көптеген шаруалар жасалып жатыр. Жыл сайын мектептерді жөндеп, білім нысанын жаңа оқу құралдарымен жабдықтап жатырмыз. Шығармашылықпен және спортпен айналысуларың үшін үйірмелерді тегін қылдық. Алдағы уақытта да көптеген жобалар жүзеге асырылады.

Шара соңы мерекелік концертке ұласты.

Бердимурат Баймухан