Мәдениет

Сафуан Шаймерденовтың туғанына – 100 жыл

Сафуан Шаймерденов 1922 жылдың 15 сәуірінде Жамбыл ауданында қазіргі Амангелді ауылында дүниеге келген. Әдебиетке ерте жастан бет бұрған жерлесіміз газет басылымдарында еңбек етіп, қалам тербеген екен. Кейіннен «Битабар балуан», «Ағалардың алақаны», «Болашаққа жол» сынды бірқатар кітап жазып шығарыпты. Бүгін көркемсөз шеберінің өмірбаянымен Нұрислам Мұратай жақынырақ танысты. Жеткіншек тау тұлғаның өмірі мен шығармашылығы туралы арналып ұйымдастырылған көрмеден оқып білді.

Нұрислам Мұратай, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы:

– Сафуан Шаймерденов біздің жерлесіміз. Үлкен тұлға. Оның қазіргі кезге дейін сақталған көптеген пьесалары мен повестері бар. Мектепте мұғалімдер бізге жазушының өмірбаяны туралы айтады.

Бүгінгі әдеби кешке зиялы қауым өкілдері де арнайы шақыртылыпты. Құрметті қонақтардың арасында қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин де бар. Ағамыз өскелең ұрпаққа Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның алғашқы директоры ретінде құрылу тарихын айтып берді.

Жангелді Тәжин, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– 96-шы жылы қолданысқа берілген мектептің құрылысы одан 6 жыл бұрын басталған. Бірақ, ол кезде экономикалық қиын жағдайға байланысты құрылысы тоқтап, салынбайды деген шешім қабылданды. Сол кезде ата-аналар Сафуан Шаймерденовке хат жазып, жолықты.Қазақ халқына, қазақ тіліне деген сүйіспеншілігінің арқасында Премьер-Министр мен облыс әкіміне кіріп, мектеп құрылысын жалғастыру үшін үлкен қаржыны бөлгізеді.

Әдеби кеш барысында Сафуан Шаймерденов туралы арнау өлеңдер оқылып, көркемсөз шеберінің шығармалары жайында кеңінен баяндалды.

Алдияр Айтпаев