Әр түрлі

Петропавлда Беларусь аяқ киімдерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр

Шетелдік меймандар облыс орталығына осымен екінші рет келіп отыр. Бұған дейін олар ақпан айында болып, қысқы аяқ киімдерді саудалаған болатын. Сол кезде Дарья Шмелева өз анасына таза былғарыдан тігілген, аяққа ыңғайлы етік сатып әперіпті. Бұл жолы қала тұрғыны өзіне көктемгі аяқ киім іздестіріп жүр.

Дарья Шмелева, қала тұрғыны:

– Петропавлда Беларусь аяқ киімдерінің жәрмеңкесі тағы бір мәрте өтетіні жайлы әлеуметтік желі арқылы білдім. Өткен жолы анама алып берген етіктің сапасы көңілден шықты. Осы жерден енді өзіме ыңғайлы етік іздестіріп жүрмін. Мұнда тауар түрі көп. Бағасы да қалта қақпайды.

Жәрмеңкеде кез келген адамның талғамынан шығатын аяқ киімнің түр-түрін кезіктіруге болады.

Сондай-ақ, жәрмеңкеде жастардың талғамына сай келетін өнімді де табуға болады.
Мына спорттық аяқ-киім – сән әлемінің биылғы таңдауы. Өнімді беларусьтік “Суббота” компаниясы таза былғарыдан тіккен. Құны небәрі – 15 мың 500 теңге.

Елизавета Поливцева, сату жөніндегі менеджер, Беларусь Республикасы:

– Петропавлдықтарды аяқ киімдер жәрмеңкесіне шақырамыз. Тауардың барлығы сапалы, басым бөлігі былғарыдан тігілген. Оған қоса өнімнің басым бөлігі ортопедиялық. Әзірге, жәрмеңкеге 500-ден астам аяқ киім қойылған.

Ал 1-2 күннен кейін жәрмеңкеге тағы 500 жұп аяқ киім жеткізіледі. Дені жазғы мезгілде киетіндер. Уәлиханов көшесі, 15А мекенжайында орналасқан нысанда ұйымдастырылған жәрмеңке мамырдың 1-іне дейін жалғасады.

Дана Ешкенова