Білім

Отандық ғылымды дамытуға 84 млрд теңге бөлінді

12-ші сәуір – Қазақстанда ғылым саласы қызметкерлерінің күні. Ел бойынша олардың саны 22 мыңнан асып жығылады.

Соңғы 2 жылдың ішінде секторға бағытталған қаражат 2 есеге өсіпті. Биыл идеяларды іске асыруға 84 млрд теңге құйылған. Ерекшелігі сол, бюджетті бөлуге ғалымдардың өзі қатынасады. Жұмсалған қаражат желге ұшып жатқан жоқ. Ғылым саласының соңғы басты жаңалығы – коронавирусқа қарсы отандық вакцина. Одан бөлек, бүгінде 50 ірі бағдарламалық ғылыми жоба жүзеге асырылып жатыр.

Жанна Құрманғалиева, ҚР БҒМ ғылым комитетінің төрайымы:

– Ғылым туралы заңға бірқатар өзгерістер енгізілді. Материалдық-техникалық база нығайтылды. Ғалымдарға жасалатын жағдай да өзгерді. Соның арқасында жас ғалымдардың саны мыңға артты.

Аманкелді Саданов, вирусология және микробиология институтының бас директоры:

– Ғылымның кез келген бағыты ерте ме, кеш пе өз нәтижесін беруі тиіс. Яғни, мемлекетпен бағытталған қыруар қаражаттың қайтарымы болуы тиіс. Ол – заманауи технологиялар, препараттар мен өнімдер. Осылайша салалар дамып, еліміздің экономикасы көтеріледі. Ғылым экономиканың негізгі қозғалтқышына айналуы қажет.

Эльмира Садвокасова