МТРА жаңалықтары

Жалпықалалық сенбілік өтті

Қар көбесі сөгілгелі, күн сәулесі төгілгелі Жеңіс саябағы өзгеріп сала берді. Мұнда келушілердің де қарасы артты. Тек өткеннен сыр шертетін демалыс орнының көркін былтырдан қалған жапырақтар, жер-жерде шашылған қалдықтар қашырып тұрғандай. Міне, соны бір топ белсенді білек сыбана жинауда.

Байболат Бектемірұлы, тілші:

– Бұл жерде бірде-бір жан жай тұрмайды. Барлығы жұмыс істеп жатыр. Біреуінің қолында – тырма, екіншісінің қолында – сыпырғыш. Біз де үлес қосуды жөн санадық. Мына қаптағы жапырақтарды мында төгейін.

Жеңіс саябағындағы шаруа екі аумақта тындырылып жатыр. Мына жерде облыс әкімі аппаратының қызметкерлері бел жазбай тер төгуде. Әрқайсысының қолында тырма. Алаңқайдағы қалдықтар бір жерге жиналып, қапқа салынады. Артынша арнайы техниканың көмегімен КАМАЗ көлігіне тиеледі.

Көптің арасында көк куртка киген Тимур есімді балақай жүр. Ол жалпықалалық сенбілікке анасымен бірге келіпті. Өзі өте белсенді. Жанындағы нәзікжандыларға тынымсыз көмек көрсетуде.

Жанна Красная, СҚО әкімі аппаратының бас маманы:

– Жалпықалалық сенбілікке баламды арнайы алып келдім. Осы күннен бастап қоғамдық жұмыстарға араласса деймін. Үйренгені, оның үстіне физикалық қимыл-қозғалыс өзіне жақсы. Сүйікті қаламызды күл-қоқыстан тазарту – үлкеннің де, кішінің де міндеті. Біз бір кісідей сенбілікке шықсақ, шаһарымыз одан әрі құлпыра түседі.

Тимур Красный:

– Мен өз қаламды жақсы көремін. Әрдайым таза болғанын және осындай сенбіліктерге барша тұрғынның шыққанын қалаймын.

Ал мына жерде қала әкімі Болат Жұмабеков бастаған топ жұмыс істеп жатыр. Бұл аумақта былтырдан қалған әжептәуір шөп жиналып қалыпты. Жергілікті билік өкілдері соны жинастырып жатыр. Жеңіс саябағында облыстық мәслихат қызметкерлерін де кездестірдік. Мамандар әр сенбіде қолға тырма алып, тазалық шарасына қатысуға әзір.

Ләззат Белекеева, СҚО мәслихатының кадрлық жұмыс жөніндегі бас инспекторы:

– Біздер үшін бұл саябақтың маңызы зор. Осы жерге келген сайын сұрапыл соғысқа қатысқан ата-бабаларымызды еске аламыз. Саябақты алдағы мерекелерге дайындайық деп осы жерге келіп отырмыз. Алдағы сенбіліктерде де шығамыз. Қаламызды көркейтеміз.

Жалпықалалық сенбілік аясында Жеңіс сабағы ғана емес, шаһарымыздың өзге де аумақтары күл-қоқыстан тазартылды. 6 мыңға жуық белсенді жан жалпы саны 70-ке тарта мекенжайды қамтыды.

Әсем Айтулова, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Оның ішінде бюжеттік мекеме қызметкерлері, шағын және орта бизнес өкілдері бар. 40-тан астам техника жұмылдырылды.

Қала тұрғындарына құлаққағыс! Облыс орталығында жалпықалалық сенбілік 3 ай көлемінде ұйымдастырылады.

Байболат Култанов