Денсаулық сақтау

Паллиативті көмек кімдерге көрсетіледі?

Қатерлі ісік, иммун тапшылығы вирусы, жүрек немесе бүйрек жетіспеушілігі және диабет секілді дерттердің соңғы кезеңінде адамға ем қонбайды. Мұндай жағдайда мамандар науқастарға паллиативті көмек көрсету арқылы ғана қол ұшын соза алады. Яғни, әрдайым қасынан табылып, психологиялық тұрғыда қолдау танытады.

Жігер Дүйсенов, облыстық көпбейінді аурухананың онкологиялық орталығы онкоблогының жетекшісі:

– Паллиативті көмек созылмалы ауруға шалдыққан жандарға, соның ішінде онкологиялық науқастарға жиі көрсетіледі. Нақтырақ айтсақ, пациентке ауыр диагноз қойылған күннен бастап медицина қызметкерлері мен психологтар қолдау танытады. Біздің өңірде мұндай бастама 2013 жылы қолға алынды. Ал 2019 жылы онкологиялық орталықтың жанынан арнайы мобильді бригада құрылды. Қазір оның 1-еуі Петропавлда жұмыс істесе, қалғаны аудандарда еңбек етуде.

Арнайы мобильді бригада білікті психологтан, онколог дәрігерден, медбике және әлеуметтік қызметкерден тұрады. Мамандар науқастың үйіне 1 айда 4 рет барып тұрады. “Жақсы сөз – жанға шипа” демекші сырқат жанмен сырласып, қолдау білдіреді, күйзеліске түсіп кетпеуі үшін жігерлендіреді. Мұндай жәрдем облыстық онкологиялық орталықта да көрсетіледі. Бұл жерде 4-ші клиникалық топқа жататын жандарға арналған паллиативті төсек-орындар бар.

Жігер Дүйсенов, облыстық көпбейінді аурухананың онкологиялық орталығы онкоблогының жетекшісі

– Онкологиялық орталықта 7 паллиативті төсек-орын бар. Бұл орындарға орталықта емі аяқталса да жағдайы мүшкіл науқастарды жатқызамыз. Ақхалаттылар әрдайым емделушілердің арқасүйері болуға тырысады.

Облыстық онкологиялық орталықта жалпы 10 мыңнан астам адам тіркеуде тұр. Өкінішке қарай, өткен жылы обырдан 516 солтүстікқазақстандық көз жұмыпты. Қазіргі уақытта 160-қа жуық науқастың жағдайы мүшкіл. Оларға паллиативті көмек көрсетіледі. Оның бір күндік кұны 10 мың теңгеден асады. Бірақ, аталған қызмет Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры аясында тегін көрсетіледі.

Қарлығаш Ілиясова, “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕ АҚ СҚОФ бөлім басшысы:

– 2020 жылдан бастап медициналық көмектің бұл түрі облыс бойынша, оның ішінде барлық 13 ауданда көрсетіліп келеді. 2020-да Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан бұл көмекке 114,4 млн теңге бөлінген болатын. Былтыр 152,7 млн теңге бөлінді. Ал биыл медициналық ұйымдармен 272.9 млн теңгеге келісім-шарт жасалды. Жыл сайын қаржыландыру ұлғаюда.

Петропавлда паллиативті көмек онкологиялық орталықтан басқа 1-ші қалалық ауруханада көрсетіледі. Қызылжар ауданындағы Знаменское селосында да “Паллиативті көмек орталығы” да жұмыс істеп тұр. Ал өзге аудандарда мобильді топтар құрылған.

Дана Ешкенова