МТРА жаңалықтары

Әйелдерге арналған “Ұмай” ипотекалық бағдарламасының шарттары өзгерді

“Ұмай” ипотекалық бағдарламасы өткен жылдың сәуірінде іске қосылды. Аталған жоба арқылы былтыр 40-қа тарта солтүстікқазақстандық қыз-келіншек өз баспанасына қол жеткізіпті. «Отбасы банк» ұсынған кредиттің көлемі 400 млн теңгені құрайды. Биыл қоныс тойын тойлайтын
нәзікжандылардың саны тіптен артпақ. Себебі, бағдарламаға жақында өзгеріс енгізіліп, отбасылық табыс шегі ұлғайған. Бірақ, несиелеу мөлшерлемесі де көтерілген екен.

Нияз Ниязбеков, «Отбасы банк» АҚ СҚОФ бөлім басшысының орынбасары:

– Өткен жылы несиелеу мөлшерлемесі 12% құрады. Ал биыл 13,5% жетіп отыр. Есесіне, отбасылық табыс шегі екі есеге ұлғайтылды. Бұрын көрсеткіш 320 мың болса, бүгінде 640 мың.

“Ұмай” ипотекалық бағдарламасы бойынша несие 13 жылға 30 млн теңгеге дейін беріледі. Ал, бастапқы жарна мөлшерлемесі 50% дейін екен.

Нияз Ниязбеков, «Отбасы банк» АҚ СҚОФ бөлім басшысының орынбасары:

– Бағдарлама бойынша жаңа немесе қайталама нарықтағы үйлерге қол жеткізуге болады. Сондай-ақ, банктен баспанаға жөндеу жасау үшін де қаржы алуға мүмкіндіктеріңіз бар. Бұл бағытта 3 млн 700 мың теңгеге дейін ақша беріледі.

Тағы бір аз-кем статистика. «Ұмай» бағдарламасына өзгеріс енгізілгелі, яғни, 29-шы наурыздан бері банкке 10-ға тарта қыз-келіншек жүгініпті.

Алдияр Айтпаев