МТРА жаңалықтары

Тәжік-Ауған шекарасында қаза тапқан сарбаздарды еске алу

1995-ші жылдың 7-ші сәуірі. Тәжік-Ауған шекарасын лаңкестерден қорғауға аттанған Шымкенттегі 6506 әскери бөлімінің сарбаздары
моджахедтардің шабуылына ұшырайды. Шайқаста өрімдей 17 жігіт қаза табады және 33 жауынгер жарақат алады. Бүгін бұл оқиғаның орын алғанына тура 27 жыл. Ұрысқа қатысқан азаматтар дәстүрге сай ажал құшқан жора-жолдастарын еске алып, олардың құрметіне орнатылған ескерткішке гүл шоқтарын қоюда.

Топ арасында тұрғандардың бірі – Асқар Жәменов. Ол нәбәрі 19 жасында Тәжік-Ауған шекарасына аттаныпты. Жерлесіміз жат елде жарты жыл көлемінде өзінің интернационалдық борышын өтеген екен.

Асқар Жаменов, “Тәжік-Ауған ардагерлері” қоғамдық бірлестігінің төрағасы

– Бүгінгідей іс-шараны өткізіп тұру – құптарлық дүние. Өскелең ұрпаққа көрсетпесек, олар оны білмесе, көрмесе, ертең бұл жандардың есімі ұмытылып қалуы мүмкін. Қалың кітаптың бір парағын жұлып алып тастағандай боламыз. Менің ойымша бұл оқиғаны академия көлемінде ғана емес, мектептерде, колледж студенттеріне де айтып отыру қажет.

Жалпы, Тәжік-Ауған шекарасын лаңкестерден қорғауға 10 мыңнан астам қазақстандық қатысқан.

Алдияр Айтпаев