Қылмыс

СҚО-да жыл басынан бері 17 келіден астам есірткі тәркіленген

Облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері бірінші тоқсанды қорытындылады. Жыл басынан бері өңірде заңсыз есірткі айналымының 55 дерегі тіркелген.

Оның 21-і – сату фактісі. Аймақта еліткіш зат қабылдап, рөлге отыру жайты да тыйылмай тұр. Мәселен, биыл облыс аумағындағы жолдарда есірткілік масаң күйдегі 20 жүргізуші ұсталған. Соңғы оқиғалардың бірі наурыз айының соныңда Петропавл қаласында болды. Мұнда «ВАЗ 21060» көлігін тізгіндеген 32 жастағы қала тұрғыны Интернационал көшесіндегі қос жолақты кесіп өткен. Өзінің ғана емес, өзгенің өміріне қауіп төндірген жан қамауға алынды және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды. Жалпы, 3 ай ішінде өңірде анықталған құқық бұзушылықтар бойынша сотқа 41 қылмыстық іс жіберіліпті. Ал тәркіленген зиянды дүниенің көлемі 17 келіден асып жығылады. Оның килограмнан астамы – синтетикалық өнім.

Байболат Култанов