Спорт

Петропавлда бокстан ел біріншілігі өтті

Шаршы алаңда – петропавлдық Алексей Сухоруков пен көкшетаулық боксшы. Екеуінің салмақ дәрежесі бірдей – 34 келі. Көкшетау қаласынан келген спортшының тәжірибесі молдау, бірақ жерлесіміз шапшаңдығымен танылып жатыр. Қарсыласына бірнеше соққы жасап, өз-өзіне деген сенімділігін көрсетуде. Кездесу 3 раундқа созылды. Төрешілердің шешімімен Алексей жеңіске жетті.

Алексей Сухоруков, жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:

– Қарсыласым осал емес. Жеңіске жету қиын болды. Нәтижеме көңілім толады. Бокспен айналысып жүргеніме – 3 жыл.

Шаршы алаңға келесі болып қостанайлық Айдос Үсенов пен Ақмола облысының өкілі шықты. Екеуі де 13 жаста. Өздерін сенімді ұстауда. Бір-біріне қарымта соққы беріп жатыр. Бұл кездесуде Айдос басым түсіп, жеңіске жетті.

Айдос Үсенов, жарысқа қатысушы, Қостанай облысы:

– Щучинскіден келген қарсыласым өте мықты екен. Бұл кездесудің өзінен біраз тәжірибе алдым. Өзімнің екі ағам бокспен айналысады. Соларға қарап өстім. Қазақстандық боксшы Данияр Елеусіновты үлгі тұтамын.

Турнир Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Геннадий Сутуловтың құрметіне арналып ұйымдастырылған. Кездесулердің біріне оның шәкірті Сергей Киселев төрешілік етуде.

Сергей Киселев, жарыс төрешісі:

– Геннадий Сутуловты әкемдей көрдім. Бала кезімде жүрегімнен ақау табылып, дәрігерлер спортпен айналысуға тыйым салған болатын. Сонда Геннадий Сутулов мені өзінің шәкірті ретінде қабылдап, жаттықтырды. Оған деген алғысым шексіз.

Жалпы, бүгінгі турнирге 12-13 жасар 120 жеткіншек қатысты. Қатысушылар – солтүстікқазақстандықтар мен көрші өңірлерден келген спортшылар.

Самал Жунусова