Білім

СҚ кәсіптік-педагогикалық колледжіне тәжірибелі мамандар тартылуда

Асқар Ысмағұлов Төтенше жағдайлар департаментінде қызмет етеді. Бұл – оның негізгі жұмысы. Ал қолы босаған кезде Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінде дәріс береді. 20 жылдан астам тәжірибесі бар білікті маман болашақ өрт сөндірушілермен білген-түйгенімен бөлісіп келеді.

Асқар Ысмағұлов, Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің оқытушысы:

– Төтенше жағдайлар кезіндегі қорғаныс және өрт қауіпсіздігі” мамандығына оқып жүрген студенттерге сабақ беремін. Сабақты қызықты етіп өткізуге тырысамын. Адам құтқару, адамдарды эвакуациялау сияқты жаттығулар ұйымдастырып тұрамыз. Ол үшін арнайы кабинеттер де қарастырылған.

Қазір студенттер арнайы қорғаныс киімімен және газтұтқыш балонды қолдану әдісімен танысуда. Ұл-қыздарға Асқар Ысмағұлов бағыт-бағдар беруде. Жастардың айтуынша мұндай тәжірибелі маманның берері мол.

Өрт сөндіруші мамандығына түсуді армандадым. Қазір еш өкінбеймін. Тәжірибелі оқытушының арқасында болашақ мамандығым өзіме қазірден бастап ұнауда.

– 22 жылдық тәжірибесі бар. Бізге барлығын мұқият түсіндіреді.

Бүгінгі таңда колледжде 230-ға тарта болашақ өрт сөндіруші білім алып жүр.

Ал бұл – колледждегі машина жөндеу цехі. Қазіргі таңда мұнда техникалық қызмет мамандығында оқитын 3-ші курс студенттері практикадан өтіп жатыр. Жастарға Виталий Куряпин нұсқау беруде. Осыдан 30 жыл бұрын осы оқу мекемесін тәмамдаған азамат – бүгінде өзі түлеп ұшқан колледжде оқытушы.

Виталий Куряпин, Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің оқытушысы:

– 10 жылдан бері студенттерге практикалық сабақ өткіземін. Балаларға көлік жөндеу барысындағы негізгі жұмыстарды үйретемін. Оған қажетті құрал-жабдықтың барлығы бар.

Цех жаңа құрылғылармен осыдан бірер жыл бұрын ғана жасақталды. Сондай-ақ, республикалық «Жас маман» бағдарламасы аясында 4 көлік сатылып алынған.

Жастар жеңіл көлік дөнгелектерінің қаншалықты дұрыс тұрғанын арнайы монитор арқылы бағалайды. Аспапты Владимир Сафронов басқаруда. Жастың көлікке деген қызығушылығы ерте жастан оянған екен.

Владимир Сафронов, Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті:

– Сабақтарымыз осы цехта өтеді. Өзім колледжді тәмамдағаннан кейін жоғары оқу орнына түспекшімін. Біліп алып жатқан мамандығым бойынша жұмыс істегім келеді.

Қазіргі уақытта колледжде техникалық қызмет көрсету мамандығына 200-ге тарта жас оқып жүр. Жалпы, оқу орнына өз ісімен ұстаздықты ұштастырған мамандар барынша тартылуда. Мұндай мамандардың жастарға берері мол.

Алдияр Айтпаев