Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасының жемісі

Қаптамаларға салынып жатқан өнім солтүстікқазақстандықтарға, әсіресе, шаһар тұрғындарына жақсы таныс. «ЭкоМол Сергеевканың» тауарлары дүкен сөрелеріне осыдан 2 жыл бұрын жайғасты. Табиғи таза сүт, ірімшік пен майға сұраныс жоғары болғандықтан, өндіріс ошағының қуаттылығы артуда. Кәсіпорын 2020-жылы тәулігіне 3 тонна сүт өңдесе, бүгінде көрсеткіш 5 пен 10 тоннаның аралығын құрайды. Істі бастап, оған қарқын қосуға мүмкіндікті мемлекеттік қолдау беріпті.

Альбина Рашитова, «ЭкоМол Сергеевка» ЖШС директоры:

– 2019 жылы алғаш рет мемлекеттік қолдауға жүгіндік. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына қатысып, 20 млн теңге көлемінде несие алдық. Ол толығымен сүт өңдеуге қажет қондырғыларды сатып алуға жұмсалды. 2020-да аталған жоба бойынша тағы 40 млн, былтыр 30 млн теңгеге қол жеткіздік.

Мақсат – тәулігіне 20 тонна сүт өңдеу. Ол үшін бүгінде қажетті қондырғылар да, мамандар мен шикізат та бар. Айта кету қажет, кәсіпорын сүтті шаһар маңындағы елді мекендер мен фермерлік қожалықтардан алады екен. Ақтан тауар аталымының 7 түрі әзірленеді. Оның екеуі – құрамында проценті жоғары май.

Надежда Ковалева, «ЭкоМол Сергеевка» ЖШС технологы:

– Біз қабылдаған шикізатты сүт тартқыштан өткіземіз. Алынған қаймақты сепараторға жібереміз. Осылайша сапалы май жасауға қажет кілегей аламыз. Оны ұзақ уақыт бойы шайқап, 72,5 және 82,5 пайызды май дайындаймыз. Кейін тауар қаптамаларға бөлініп, қораптарға салынып, сатылымға жөнелтіледі.

Процестің әр кезеңі – зертханашының жіті бақылауында. Яғни, шикізат әкелінгеннен бастап дайын өнімге айналғанша дейін температурасы, құрамы, физико-химиялық көрсеткіштері, майлылығы тексеріліп отырады. Табиғи таза тауарлармен серіктестік СҚ-ды ғана емес, сондай-ақ, Ақмола облысы мен Орал қаласының нарығын қамтамасыз етуде. Өткен жылы, тіпті, Татарстанның астанасы Қазанға 20 тонна май экспорттаған. Шекара асатын өнім аталымдарының қатары алдағы уақытта артуы мүмкін. Кәсіпорында айран, йогурт пен ірімшіктің жұмсақ түрлерін шығару көзделіп отыр. Мемлекеттік көмек арқасында жас болса да қарқынды дамып жатқан «ЭкоМол Сергеевка» серіктестігінен өзге өндіріс ошақтары да үлгі алуда.

Жанна Конкарова, СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:

– «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы өңірде 2019-шы жылдан бері жүзеге асырылуда. Қаржылай қолдау агроөнеркәсіп пен өңдеу салаларында тауар шығаратын кәсіпкерлерге бағытталған. Бүгінге дейін облыс бойынша 191 жоба қаржыландырылды. Оларға жалпы сомасы 62 млрд теңге болатын несие берілді.

Бағдарламаның тиімділігі сол мемлекет несиенің жылдық пайыздық үстемесіне субсидия бөледі. Мәселен, көрсеткіш 15 пайызды құраса, оның 7 пайызын -мемлекет, ал қалған 8 процентін кәсіпкердің өзі төлейді. Ал егер іскер жанның мүліктік кепілдемесі жетпесе, “Даму” қоры несие беруші банкке қажетті кепілдеменің жартысын ұсынады. 2019-дан бері дәл осы қолдау 46 жобаға көрсетіліпті.

Эльмира Садвокасова