Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Nur Otan” партиясы СҚОФ төрағасы қоғамдық қабылдау өткізді

Алғаш болып байланысқа Шал ақын ауданының тұрғыны Еркебұлан Жамұқов қосылды. Азамат Ступинка, Семиполка мен Повозочное ауылдарындағы ағайынның базынасын жеткізді. Мұндағы халық тіршілік көзінен таршылық көріп отыр. Сондықтан, елді мекендердің Преснов топтық су торабына қосылуын қалайды. Жұртшылықтың арманын орындауға жергіліктті билік те тырысып бағуда.

Рахат Смағұлов, Шал ақын ауданының әкімі:

– Бүгінде аталған елді мекендерді тіршілік көзімен қамту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Құрылысқа қажет қаражат 2,3 млрд теңгені құрайды. Себебі, құбырларды 40 шақырымдай жерге тарту қажет. Бұл ретте елде мекендердің ішінде де су желілері орнатылатын болады.

Құмар Ақсақалов, “Nur Otan” партиясы СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:

– Жергілікті атқарушы билік органдары алдымен ЖСҚ дайындап, орталық министрліктерге құжаттарды тапсырады. Сараптамадан өткізеді. Енді келесі жылы республикалық бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, жұмыс істелінеді.

Тұрар Оразалин – Шал ақын аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы. Қарияға күнделікті Сергеевка қаласының тұрғындары арыз-шағымдарын жеткізеді екен. Барлығын қынжылтатыны – елді мекендегі жолдар. Азаматтың сөзінше, оның басым бөлігі Кеңес үкіметі кезінен жөндеу көрмеген.

Тұрар Оразалин, Шал ақын аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы.

– Өткен жылы қолдауыңыздың арқасында кейбір көшелер жөндеуден өтті. Енді тағы бірнеше ірі көшені қалыпқа келтіруді сұраймыз. Атап айтсақ, Абай, Энтузиастов, Полевой мен Юбилейныйды жөндеу қажет.

Сергеевканың мәртебесі қала болғандықтан, “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасына үміт арта алмайды. Өткен жылы жергілікті әкімдік жөндеуді қажет ететін көшелердің жобалық-сметалық құжаттамасын жасап, сараптамадан өткізіпті.

Құмар Ақсақалов, “Nur Otan” партиясы СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:

– Дегенмен бірнеше механизм бар. Соның бірі – “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы. Сол арқылы қаражат бөлуге болады немесе облыстық бюджеттен қаржы қарастыратын боламыз.

Бұл ретте аймақ басшысы Құмар Ақсақалов бейінді басқармаға әрбір аудан орталығындағы ахуалға мониторинг жүргізуді тапсырды. Осылайша, жолдарды жөндеуге қай ауылға қанша ақша қажеттігін есептеп, пропорционалды түрде бөлу керек деді облыс әкімі. Ауыл тұрғыны Анар Құдасбаева көтерген проблеманы шешу үшін де қомақты қаражат қажет.

Анар Құдасбаева, Возвышенка селосының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:

– Возвышенка селосында 50 балаға шақталған балабақша бар. Ол бұрынғы аудандық полиция бөлімшесінде орналасқан. Бүгінде мекеме толық. Тағы мектепте 30 балғынға арналған 2 даярлық тобы бар. Олар да толық.

Мәселе де – осында. Ауылға балабақша керек. Бүгінде мектеп жасына дейінгі 30 балғын үйде отыр. Дәл осы себептен ата-аналары жұмысқа шыға алмауда.

Қайрат Омаров, М.Жұмабаев ауданының әкімі:

– Ата-аналар қазір балаларын балабақша кезегіне де қоймайды. Себебі, орынның жақында босамайтынын жақсы біледі. Бізде 3 қабатты бұрынғы әкімдіктің нысаны бар. Ғимаратты қалыпқа келтіру үшін жергілікті аграрийлер бірігіп, жобалық-сметалық құжаттамасын әзірледі.

Мәселе шынымен де өткір тұр. Возвышенка – іргелі елді мекендердің бірі. Жылдан-жылға халық пен мектеп жасына дейінгі балалардың да саны өсуде. Ескі әкімдік ғимаратын қалыпқа келтіру үшін 900 млн теңгеден астам қаражат қажет. Бүгінде 2022 жылға арналған облыс бюджеті бекітілді. Сондықтан, Құмар Ақсақалов проблеманы кезең-кезеңімен қаржыландыру арқылы шешу қажеттігін айтты.

Эльмира Садвокасова