Өнеркәсіп

Былтыр “Солтүстік фанер комбинаты” 10 мың текше метр өнім шығарды

Бұл жерде фанер жасауға қажетті негізгі шикізат дайындалады. Нақтырақ айтсақ, даладан әкелінген ағаштан станоктың көмегімен мынадай ауқымды парақтар кесіліп алынады. Бір ғана дарақтан осындай 10-ға тарта дүние шығады екен.

Станоктан өткеннен кейін алғашқы кезеңдегі фанер кептіру аппаратына жеткізіледі. Мұндағы шаруаға нәзікжандылар жауапты. “Процесс қарапайым болып көрінгенімен жұмыс қиын”, – дейді Аяулым Шаданова. Азаматша бұл іспен комбинат ашылғалы айналысып келеді.

Аяулым Шаданова, «Солтүстік фанер комбинаты» ЖШС жұмысшысы:

– Біздің жұмысымыз – осы фанерді кептіру аппаратына салып кептіру. Ар жақтан шикізатты қыздар қарсы алады. Жұмыс таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін. Түскі және кешкі аста жарты сағат үзіліс болады. 11 сағат бойы аяқта тұрамыз. Жұмыстағы басты қиыншылық – сол. Бірақ, менің ойымша жеңіл жұмыс жоқ.

Алғашқы кезеңдегі фанер кесіліп, кептірілгеннен кейін өзара жабыстырылады. Сосын салмағы 600 тонна болатын құрылғыда бірнеше сағат бойы тығыздалады. Жалпы, дайын өнімге дейін шикізат мұндай 8 процестен өтеді. Барлық кезеңді комбинат шебері Константин Петров жіті бақылауында ұстайды.

Константин Петров, «Солтүстік фанер комбинаты» ЖШС шебері:

Мен материалдың қалыңдығын, көлемі мен ылғалдылығын бақылаймын. Сонымен қатар, дайын өнімді сорттарға бөлем. Бірінші сұрыптағы материалдан ешқандай олқылық анықталмайды, екіншісінен кішкентай кемшіліктер табылады. Ал үшінші сорттың үлкен дақтары немесе сызықтары болады.

Мұндағы өндіріс қалдықсыз. Фанер жасалғаннан кейін арттылған заттардың барлығы кәсіпорынның қазандығына жіберіледі. Комбинат толық қуаттылыққа өткен жылдың маусым айында көшті. Бастапқы кезде мұнда 90-ға тарта адам тер төксе, қазіргі таңда жұмысшылар саны 160-қа жуықтайды. Қызметкерлердің орташа жалақысы 160-180 мың теңгені құрайды. Алдағы уақытта штатты 200 кісіге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Себебі, мамыр айында мұнда жаңа құрылғылар іске қосылмақ. Осылайша, жылдық қуаттылық та артпақ.

Айваз Бакиров, «Солтүстік фанер комбинаты» ЖШС директорының орынбасары:

Біз бірден толық қуатқа шықпағандықтан, жыл бойы 10 мың текше метр фанер өндірдік. Оның 10%-ы жиһазға арналған. Қалғаны – құрылысқа арналған ламинатталған материал. Ал биыл жылдық қуаттылықты 18 мың текше метрге жеткізбекшіміз.

Ел бойынша 3 фанер жасау комбинаты бар болса, соның ең ірісі – Петропавлда. Өндіріс ошағының өнімі тек Қазақстанда ғана емес, көршілес елдерде де сұранысқа ие.

Айваз Бакиров, «Солтүстік фанер комбинаты» ЖШС директорының орынбасары:

Шыққан өнімді, негізінен, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау және Атырауға жөнелтеміз. Бұл қалалардан фанерді вагон-вагонымен алдыртады. Біздің материалға ТМД елдерінен де сұраныс жоғары. Қазір зауыт жұмысшылары Өзбекстанға жіберілетін өнімді дайындауда. Ал Украина мен Түрікменстандағы әріптестермен әзірге келіссөздер жүргізілуде.

Алдағы уақытта «Солтүстік фанер комбинатының» аумағында тағы бір өндіріс ошағын ашу жоспарланып отыр. Әзірге, құжаттары әзірленіп жатқан кәсіпорын ламинатталған ДСП материалын шығармақ. Оң өзгерістің нәтижесінде тағы 300-ге тарта адам еңбекпен қамтылмақ.

Алдияр Айтпаев