ТКШ

СҚО-да инвестиция тарту мен құрылыс қарқыны артты

Өткен жылды қорытындылаған өңір статистері қуантпай қоймады. Олардың сөзіне сенсек, республикадағы 17 аймақтың ішінде облысымыз тұрғын үй салуда 6-шы орында тұр. Құрылыс саласы қарқын алғандығын солтүстікқазақстандықтар да байқаған болар. Өйткені, тек Петропавлдың өзінде баспаналар көптеп салынуда. Құрылыс бірден бірнеше шағын ауданда жүріп жатыр. Облыс көлемінде қарқын алған құрылыстың ішінде тұрғын үй салу үлесі 63,3 пайызды құрап отыр.

Данияр Иманбаев, СҚО статистика департаменті басшысының орынбасары:

– Тұрғын үй құрылысында 48,6 млрд теңге қаражат игерілді. Ол 2020 жылмен салыстырғанда 127 пайызды құрады. Облыс аумағында 2021 жылы халықпен және кәсіпорындармен жалпы ауданы 351 мың шаршы метр тұрғын ғимараттар енгізілді. Жеке құрылыс салушылар қаражаты есебінен пайдалануға 210 мың шаршы метр берілді. Бюджет есебінен 108 шаршы метр, кәсіпорындардың қаражаты есебінен 32,6 мың шаршы метр енгізілді.

Ал жалпы құрылыс жұмыстарының көлемі 107 млрд теңгені құрады. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 5,8 пайызға көп. Осы ретте айта кетейік, жол құрылысының да қарқыны жоғары. Өткен жылы салада 27,3 млрд теңгенің шаруасы тындырылған. Ал инвестициялық көрсеткіштерге келер болсақ, 2021 жылы негізгі капиталға құйылған қаржы көлемі 331,9 млрд теңгені құрады.

Данияр Иманбаев, СҚО статистика департаменті басшысының орынбасары:

– Ауыл, орман және балық шаруашылығы инвестициялық жалпы көлемнен – 48,4, көлік және қоймалау – 15,1, өнеркәсіп 12,1 пайызды құрады. Инвестициялар көлемінің айтарлықтай үлесі машиналар, жабдық және көлік құралдарын сатып алуға және оларды күрделі жөндеуге келеді.

Жалпы, өңірдегі барлық салада жеке инвестициялар көлемі ұлғайған. Құйылған қаржы 276 млрд теңгені құрапты. Бұл көрсеткіштің өсуі, әсіресе, Шал ақын, Тимирязев аудандары мен Петропавл қаласында тіркелген.

Магжан Ахмадина