Құқық қорғау органдары

Былтыр облыс аумағындағы теміржол бойында 3 адам қаза тапқан

Жыл артқан сайын өңірімізде теміржол бойындағы ережені ескеретін жандардың қатары азайып келе жатқанға ұқсайды. Бұлай деп сенімді сөйлеуімізге соңғы 12 айдағы статистика дәлел. Былтыр аққайыңдар өлкесінде тіркелген заң бұзушылықтар саны 2020-дағы көрсеткіштен 30-ға көп.

Ұлжан Жорақұлова, Петропавл станциясындағы желілік полиция бөлімінің аға инспекторы:

– 2021 жылы Петропавл станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері 1836 әкімшілік құқықбұзушылық анықтады. 120 іс бойынша айыппұл салынды.

Салынған айыппұлдың көлемі 1,5 млн теңгеге жуықтайды. Бүгінге дейін бұл соманың басым бөлігі өндіріліп алынған. Ал жазаланғандардың дені – ішімдік ішкен, қоғамның берекесін қашырған жандар. Арасында теміржолды бірнеше рет кесіп өткендер де бар. Мысалы, ескерту жасалса да тиісті ережені елемеген 4 адам 17 мың теңге көлемінде айыппұл арқалаған. Былтыр өңірімізде пойыз қағу жайты да тіркелгенін айта кету қажет.

Ұлжан Жорақұлова, Петропавл станциясындағы желілік полиция бөлімінің аға инспекторы:

– 2021 жылдың қорытындысы бойынша Петропавл станциясындағы желілік полиция бөлімінде жарақат алудың 4 фактісі тіркелді. Оның 3-еуі өлімге әкеліп соқты. 3-еудің біреуі – суицид. Теміржол – қауіпті аймақ. Тұрғындардан ережелерді сақтауды сұраймыз.

Соңғы жағдай Мамлют ауданында тіркелді. Мұнда нәзікжанды теміржол бойымен қалаға бет алыпты. Жолда пойыздың дыбысын естімей жарақаттанған. Абырой болғанда аман қалды. Теміржолда балалар да жүреді. Сорақысы сол, кейбірі ата-ана қарауынсыз түнгі уақытта көше кезеді.

Ұлжан Жорақұлова, Петропавл станциясындағы желілік полиция бөлімінің аға инспекторы:

– ҚР ӘҚБтК 442-бабының 2-тармағы бойынша 23 ата-анамен сұхбат жүргізілді. Олардың балалары түнгі уақытта теміржол аумағында жүрген. Сұхбат дегеніміз – ескерту жасау. Егер ереже бұзушылық қайталанса, 7 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Пойыз шұғыл жағдайда тоқтайтынын білген жөн. Былтыр мұндай 13 факті тіркеліпті. Рөлдегі жандар теміржол бойында адамдар жүргендіктен және мал жайылғандықтан тоқтаған екен. Есесіне, әлгі кісілер мен төрт-түлік иелеріне 5 АЕК көлемі айыппұл салынған.

Байболат Култанов