Құқық қорғау органдары

Төтенше жағдайда келтірілген шығын көлемі айтылды

Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Өскемен, Ақтөбе, Атырау және Семей. Бұл – қаңтар оқиғасында ең үлкен көлемде дүмпу болған қалалар. ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділовтың айтуынша аталған шаһарларда 1 466 нысанға шабуыл жасалған. Оның ішінде 12-і әкімшілік ғимарат пен 27 полиция объектілері бар.

Санжар Әділов, ҚР ІІМ тергеу департаментінің бастығы:

– Ең көп зардап шеккен бизнес объектілері, олар зақым келтіруден өзге толықтай тоналды. Олардың саны – 1 395. Одан өзге 700-ден астам автокөлік зақымдалып, жойылды, оның 500-ден астамы – полицияның, Қорғаныс және Төтенше жағдай министрліктерінің жедел жәрдем және өзге органдардың қызметтік көліктері. Сондай-ақ, 116 жеке адамдар көліктері. Шабуылдар барысында 7 аңшылық дүкеніне шабуыл жасалып, тоналды. Олардан 1 564 дана азаматтық қару ұрланды.

Негізі, қылмыстардың 70 пайызы сауда обектілеріне жасалған екен. Қарақшылықтың басым бөлігі Алматы қаласында орын алған. Қазіргі күні оңтүстік астанада мүлікті қасақана бүлдіру және жоюға қатысты – 63 және автокөлікті айдап әкету туралы – 12, қарақшылық пен тонау бойынша – 24, сондай-ақ, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне күш қолдану және олардың өміріне қол сұғуға қатысты 23 қылмыстық іс тергеліп жатыр екен.

Санжар Әділов, ҚР ІІМ тергеу департаментінің бастығы:

– Ұрлық пен тонау жасағаны үшін 274 адам уақытша ұстау абақтысына қамалды. Айта кетейік, ұсталғандардың кінәсі ұрланған тауарлар мен қару түріндегі алынған заттай дәлелдемелермен, сондай-ақ, бейнебақылау камераларының жазбаларымен, әлеуметтік желілердегі роликтермен, күдіктілердің өздерінің ұялы телефондарынан табылған деректермен дәлелденеді.

Қазіргі уақытта аталған қылмыстық істер бойынша келтірілген шығынның жалпы сомасы 87 млрд теңгеден асып кеткен. Санжар Әділовтың сөзінше басқа да қылмыстардың беті ашылған сайын аталған статистикадағы сан тағы өспек. Ал терроризмге қарсы операция барысында дүкендерден ұрланған қарудың 515 бірлігі табылып, тәркіленген екен. Сонымен қатар, брифинг барысында еліміздің бас прокуратурасы бірінші қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов та бірқатар мәліметпен бөлісті. Айтуынша бүгінгі күні елдегі соттар қаңтар оқиғаларына байланысты 9 257 әкімшілік істі қараған. Олардың жартысына жуығында, яғни, 4 мың 584 адамға ешқандай жаза қолданылмай, ескерту жасалған екен.

Бердимурат Баймухан