Мәдениет

Кәкімбек Салықовтың 90 жылдығы аталып өтілуде

Адал, шыншыл, биязы. Қашанда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп тұратын. Кәкімбек Салықовтың мінезін інісі Зарап Құрманқұлов осылай сипаттайды. Қос азаматтың арасы – 15 жас. Шығармашылығымен талайдың таңдайын қақтырған жерлесіміз әрдайым ағалық қамқорлығын танытып, өмірлік ақыл-кеңесімен бөлісіп отырған екен.

Зарап Құрманқұлов, Кәкімбек Салықовтың немере інісі:

Қашан да еңбекқор болыңдар. Қызметтеріңе ұқыпты қарап, Үкіметке адал қызмет етіңдер деп айтып отыратын. Туған жері Еңбек ауылы болса да жастық шағы Көкшетау баурайында нағашыларының қолында өтті.

Туған елі мен жеріне, табиғатқа, жақындарына деген махаббат. Бұл – Кәкімбек Салықовтың қаламынан туған дүниелерге арқау болған тақырыптардың бір парасы ғана. Қазақ әдебиетінің майталманы Зарап Ерғараұлының үйіне әр барған сайын 2-3 кітабын сыйға тартып отырыпты. Бүгінде ол ағасының шығармаларын оқып, сағынышын осылайша баспақ болатынын айтады.

Зарап Құрманқұлов, Кәкімбек Салықовтың немере інісі:

Ол кісі аудармашы да болды. Мәселен, Пушкинді, Маяковскийды аударды. Өзі композитор да болды. Домбырада ән шырқағанын да айта кету керек. Бірінші кітаптарына қарасаң, 54-55 жылдары өлең жаза бастаған.

Бүгінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Кәкімбек Салықовтың өмірі мен шығармашылық жолы – көптеген жастарға үлгі. Мәселен, Қозыбаев университетінің 2-курс студенті Диас Аяған 13 жасынан бастап ақынның өлеңдерін оқып, тәлім-тәрбие аламын дейді.

Диас Аяған, Қозыбаев университетінің студенті:

Өзім де өлең жазып, осы салада талаптанып жүргендіктен, Кәкімбек Салықовты үлгі тұтамын. Әсіресе, оның «Жезкиік» атты өлеңі барша қазаққа таныс. Жалпы, Кәкімбек Салықов өзінің алдындағы Мағжан, Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Жүсіпбек сынды тұлғаларға аса құрметпен қараған. Оларды әр жырына қосып, арнау арнаған.

Белсенді жас болашақта Кәкімбек Салықовтай ел танитын ақын болуды армандайды.

Алтынай Казиканова