Қоғам

Облыс бойынша 260 сотталған рақымшылыққа ілікті

2 жыл 2 ай 26 тәулік. Анастасия Попова темір торда өткізген әр күнін санауда. Абақтыға нәзікжанды өзгенің денсаулығына келтірген зиян үшін түсіпті. Жас қыз бірге тұрған жігітінен жиі соққы жеген көрінеді. Күндердің бір күнінде шыдамы таусылып, ер адамға пышақ сұққан екен. Жасаған қылмысы үшін соттың шешімімен ол 3 жыл 6 айға бас бостандығынан шектелген. Алайда, 1 жарым жыл өтер-өтпестен Анастасия қолына қайта суық қару алып, заңға қайшы әрекетке тағы барған. Осылайша, 2020-да түзету мекемесіне түсіпті. Бүгінде нәзікжанды жазасының басым бөлігін өтеп, түрмеде көрсеткен үлгілі тәртібі үшін амнистияға іліккен.

Анастасия Попова:

– Бостандыққа шығатыныма өте қуаныштымын. Темір тордың сыртында мені анам күтіп отыр. Оны қатты сағындым. Ендігі басты арманым әрі мақсатым – өз жанұямды құру. Шаңырақ көтеріп, бала тәрбиелегім келеді. Түзету мекемесінде өткізген әрбір секунд сайын бұрынғы өмірімді бағалай түстім.

Бұл – 26 жастағы Анастасияның колониядағы соңғы күні. Бүгін нәзікжанды туған жері Степногорға аттанбақ. Түзету мекемесінде меңгерген мамандық – шаш қиюшы болып жұмыс істеп, жаңа өмір бастаймын деп отыр. Тағдырдың екінші мүмкіндігіне Настядан бөлек облыс бойынша тағы 88 азамат ие болыпты.

Рустан Ахметжанов, СҚО қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы:

– Облыстағы түзету мекемелерінде жазасын өтеп жүрген 260 адам амнистияға ілікті. Олардың 89-ы бостандыққа шығатын болады. Бүгінде 77 қылмыстық іс қаралып, 64 адам түрмеден босатылды. Барлығы тұрғылықты мекендеріне оралды. Азаматтарды қаражат және маусымдық киіммен қамтыдық.

Ал, қалған 171 жазасын өтеушінің мерзімі қысқармақ. Жалпы, амнистияға қылмыстары жеңіл және бостандыққа шығуға 1 жылдан кем уақыт қалған сотталғандар ілігіпті. Сондай-ақ, әлеуметтік осал топтағы және қоғам үшін аса қауіпті емес азаматтар – кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер, егже жастағы әйелдер мен ерлер, мұнымен қатар, І, ІІ топтағы мүгедектерге де басымдық берілген. Олардың барлығы түзету мекемесінде жақсы тәртіппен көзге түскен. Айта кету қажет, бұл – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы сотталғандарға қатысты жасалған осымен 9-шы рақымшылық.

Эльмира Садвокасова