Экология

Биыл облыс аумағында 900 га жерге ағаш отырғызылмақ

Осыдан 3 ай бұрын Айыртау ауданында жел электр станциясы салынады деген ақпарат жарияланды. Ол кезде бастаманың жобалық-сметалық құжаттамасы ғана дайын еді. Ал бүгінде баламалы энергия көздерін алуға мүмкіндік беретін нысанның нақты орны анықталып, қашан іске қосылатыны да белгілі. Станцияның қуаттылығы 50 МВт-ты құрайды. Жоба құны – 19 млн теңге.

Азамат Бектасов, СҚО экология департаментінің басшысы:

Айыртау ауданындағы Саумалкөл көлінің жанына жел электр станциясын салу жоспарда бар. Қазіргі таңда метеомачта құрылды және желдің бағыты ескерілді. Тиісті келісімдер өткізілді. 2024 жылға дейін станция салынатын болады.

Облыс аумағын көгалдандыруға аса мән беру керек. Бұл – өңірдің экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі жол картасындағы басты мақсаттардың бірі. Жоспар біртіндеп орындалып жатыр. Мәселен, өткен жылы аққайыңдар өлкесінде 863 гектар ағаш отырғызылды. Ал биыл 900 гектарға жуық жерді көгалдандыру жоспарланып отыр.

Азамат Бектасов, СҚО экология департаментінің басшысы:

Сонымен қатар, су ресурстарын бағалап, қадағалау бойынша іс-шаралар өткізіліп жатыр. Мысалы, Ғ.Мүсірепов ауданындағы Новоишимка ауылында сарқынды суларды тазарту жүйесі салынды. Бүгінгі күні осы жүйеге әр түрлі объектілерді қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жалпы, онлайн жиында өңірдің экологиялық проблемаларын шешуге бағытталған жол картасының қалай іске асып жатқаны баяндалды. Қоса кетейік, биыл қала сыртындағы кәріз суы құйылатын биотоғанды тазалау жұмыстары жалғасын табады. Азамат Бектасовтың айтуынша қолқаны қабатын иістің алдағы жазда болу-болмауын, әзірге, дөп басып айту қиын.

Алтынай Казиканова