Білім

Петропавлдағы 22 мектеп онлайн форматта жұмыс істеуде

Кеше оқу жылының 3-ші тоқсаны бастау алды. 2 жарым апта демалған оқушылар алтын ұяларына қайта оралып, білім алуда. әл-Фараби мектеп-лицейінің 11-ші сынып оқушыларын кітапханада жолықтырдық. Мұнда түлектер кітаптан бас алмай, алдағы емтихандар мен ҰБТ-ға қызу дайындалып жатыр.

Қанат Еслям, әл-Фараби мектеп-лицейінің оқушысы:
–  Полицей атанғым келеді. Адам.Қоғам.Құқық және Дүниежүзі тарихы пәндерін тыңдадым
. Арманым – Отанға қызмет етіп, адамдардың құқықтарын қорғау.

Кітапханада отырған оқушылардың барлығы сынаққа қатысады. Бүгінгі таңда әр күн, мұғаліммен өткізген әр сабақ маңызды. “Елдегі жағдайға байланысты үшінші тоқсанда онлайн форматта білім аламыз ба”,- деп алаңдадым дейді Қанат Еслям.

Қанат Еслям, әл-Фараби мектеп-лицейінің оқушысы
:
–  Дәстүрлі түрде оқыған жақсы. Мұғалімдермен бетпе-бет көрісіп, көптеген сұрақтардың жауабын біліп, өзіме деген сенімімді арттырам.

Күлімкөз Смаилова, әл-Фараби мектеп-лицейінің директоры:
– Үшінші тоқсан – ең ұзақ тоқсан. Оқушылар олимпиадаларға дайындалып жатыр. 11-ші сынып сынақтарға әзірленуде.


әл-Фараби мектеп лицейі неліктен дәстүрлі форматта жұмыс істеуде? Бұған себеп – оқушылар санының 600-ге жетпеуі. Қазір мұнда 428 ұл-қыз білім алуда. Қауіпсіздік шараларының барлығы ескерілген.

Күлімкөз Смаилова, әл-Фараби мектеп-лицейінің директоры:
– Қатаң тәртіпті сақтаймыз. Санитарлық талаптарға өте мұқиятпыз. Баланың денсаулығы мен қауіпсіздігі маңызды. Ұстаздардың барлығы вакцина алды. Басым бөлігі ревакцинациядан да өтті.


Мектепте вакцинациялауға жататын оқушылардың саны 170-тен асады. Бүгінгі дейін олардың тек 14-і иммундау шарасынан өтіпті.

Күлімкөз Смаилова, әл-Фараби мектеп-лицейінің директоры:
– Ата-аналарға дәрігерлердің қолдауымен кездесулер өткізіп жатырмыз. Ақпарат берудеміз. Ешкімге міндет қойып жатқан жоқпыз. Шара оқушының әке-шешесінің рұқсатымен жүргізіледі.


Жалпы, облыс бойынша 472 білім ошағы болса, соның 22-де бала саны 600-ден көп екен. Бұл мектептердің барлығы Петропавлда орналасқан.

Алмагүл Оспанова, СҚО білім басқармасының бас маманы:
-Петропавлда 600-ден астам оқушысы бар мектептердегі 1-5 сыныптар штаттық режимде оқиды. Ал 6-11 сыныптар онлайн форматта білім алады.

Ал мектепке дейінгі ұйымдар, қосымша білім беру мекемелері мен түзету кабинеттері жұмыстарын штаттық режимде жалғастыруда.

Маржан Касымбек