Петропавлда қандай мамандықтарға сұраныс жоғары?

Қоғам

23:48 18 Қаңтар 2022

24 жастағы Галина Симонова ғаламторды ақтарып отырып, «Есепші қажет» деген хабарландыруды көзі шалады. Келесі күні жұмыс берушілермен сұхбаттасуға барғанда “Алдымен «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша еңбек ету қажет” деген жауап алады. Мұнымен азаматша келіседі. Практиканың ұзақтығы 6 айды құрайды. Жарты жыл өткесінін бухгалтерлік фирма қала тұрғынының лауазымын өсіреді. Қазір ол – жетекші маман.

Галина Симонова, қала тұрғыны:

– Есепші болып жұмыс істеп жатқаныма ақпан айында 1 жыл болады. Мекемеге орналасуыма қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандары көп көмектесті. Әрдайым байланыста болып, мазалаған сұрақтарыма жауап беріп, ақыл-кеңестерін айтып отырды. Шыны керек, «Жастар тәжірибесі» бойынша бастапқыда жалақым аздау болды. Бірақ, жарты жылдан кейін толыққанды еңбекақымды ала бастадым. Жұмысым көңілімнен шығады, алға өсуге мүмкіндіктер жетерлік.

Кирилл Высоцкий «Жастар тәжірибесінен» 19 жасында өткен. Азамат біршама уақыт қалалық жұмыспен қамту орталығында қызмет істепті. Кейін 3-4 ай екі қолға бір күрексіз отырған. Ал 2020-ның соңына таман Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің жергілікті департаментіне техник-программист мамандығы бойынша жұмысқа тұрған екен.

Кирилл Высоцкий, қала тұрғыны:

– Мен компьютерлердің ақауларын анықтап, жөндеймін. Карантин уақытында барлығы қашықтықтан жұмыс істеуге көшкендіктен, тұрғындар тарапынан сұраныс азайып қалды. Сондықтан, вакансия іздеп жұмыспен қамту орталығына жүгіндім. Осылайша, департаментке мамандығым бойынша қызметке тұрдым. Бұл жерде барлығы көңілімнен шығады.

Өткен жылы «Жастар тәжірибесі» бағдарламасынан өту үшін Петропавлдағы 60 нысанда 148 бос жұмыс орны қарастырылған екен. Оның 83-не қыз-жігіттер қызметке орналасыпты. Жалпы, былтыр орталық арқылы 1400-ден астам жас екі қолға бір күрек тапқан. Оның 110-ы – студенттер.

Аққанат Жәкенова
, қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы:

– Сондай-ақ, бізде 2021-ші жылы «Бірінші жұмыс орны» деген бағдарлама қолға алынды. Бұл – тәжірибесі жоқ жастар үшін таптырмас мүмкіндік. Бүгінде аталған жоба бойынша 4 петропавлдық еңбек етіп жатыр. Еңбекақылары – 72 925 теңге. Бағдарлама аясында 1 жыл бойы қыз-жігіттерге жалақыны мемлекет төлейді. Кейін жұмыс беруші төлейтін болады.

Тағы да статистикалық дерек. Өткен жылы «Еңбек» бағдарламасы аясында 5700-ден астам қала тұрғыны жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 207 адам «Бастау Бизнес» жобасы арқылы кәсіптің қыр-сырын меңгерген. 70-сі – 29 жасқа дейінгі азаматтар. Ал облыс бойынша 28 мыңнан астам теріскейлік екі қолға бір күрек тапқан. Ашылған жұмыс орындарының саны – 12 мыңнан асып жығылады.

Алтынай Казиканова

Бұдан әрі оқыңыз