Мәдениет

«Sensitive» би ансамблі Петропавлға оралды

«Sensitive» би ансамблінің мүшесі Даниял Қанғожин Мысыр елінде «Хореография» аталымы бойынша бақ сынаған. Талантты теріскейліктің өнеріне қазылар алқасы тәнті болған екен. Оған ең жоғары ұпай беріпті.

Даниял Қанғожин, «Sensitive» би ансамблінің бишісі:

– Халықаралық байқауда алғаш рет жалғыз өнер көрсеттім. Дайындық барысында қиындықтар көп болды. Бірақ, сахнаға шыққан кезде қобалжу сезімін ұмытып кеттім. «Бірінші орын алдың» дегенде қуанышымда шек болған жоқ.

Бұдан кейін ұжым мүшелері «Танго», «Самбо», «Дуэт», «Бал биі» атылымдары бойынша сынға түскен. Осылайша, бас жүлде мен төрт бірдей бірінші орын жеңіп алған.

Айбол Қасым, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері:

Қыз-жігіттер жолдың ұзақтығына қарамастан өздерін еркін түрде көрсете білді. Көрермендер білетін шығар, бишілердің басым бөлігінің құлағы естімейді. Залда отырған әділ қазылар бірінші және екінші нөмір кезінде бұған сенген жоқ.

«Sensitive» би ансамблінің мүшелері естімегенімен, музыканың құдіретін жүрекпен сезіне алады. Солтүстікқазақстандықтар әлемдік додаларда бойдағы осы қабілет пен қайсарлықтың арқасында көпшіліктің көзайымына айналып жүр. Мысырдың Хургада қаласында өткен «Шоумир Дом солнца Египет» атты бірінші халықаралық фестивалде мұны кезекті мәрте дәлелдеді. Бұл шараға жаһанның түкпір-түкпірінен жиналған 300 биші қатысқан екен.

Айбол Қасым, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері:

Ресейдің 2 қаласынан ансамблдер келді, Египет, Германия, Ливан, Грузиядан адамдар болды. Бәйгеде үздіктер бірден көзге түседі. «Sensitive» тобы өздерін жақсы қырынан көрсете білді.

Жеңімпаз жерлестеріміздің елге оралғанына 2 күн болыпты. Бишілер фестиваль мен алыс жолдан шаршаған. Алайда, соған қарамастан алдағы іс-шараларға дайындалуда. Өнерпаздар көктемде «Sensitive» би ансамблінің 15 жылдық мерейтойына арнап концерт ұйымдастырмақшы. Ал жазда Америка Құрама Шаттарында өтетін тағы бір халықаралық байқауда бақ сынауды жоспарлап отыр.

Маржан Касымбек