Білім

Оқушы саны 600-ден көп мектептер онлайн форматқа көшті

Жаңашылдық оқушылар саны 600-ден кем білім ұяларына қатысты емес. Яғни, ауыл мен аудан орталықтарындағы барлық мектеп қалыпты режимдегі жұмысын жалғастырады. Бұл тізімде Петропавлдың бірқатар оқу ошағы да бар. Ал, ұл-қыздар саны 600-ден көп болса, онлайн формат енгізіледі. Оның өзінде барлығына бірдей емес. Өзгеріс бастауыш пен 5-ші сынып оқушыларын айналып өтті. Демек, балғындар мектеп қабырғасында білім алады. Осылайша, облыс бойынша 65 мың оқушы дәстүрлі форматта оқиды.

Нәзір Жәшібеков, СҚО білім басқармасының басшысы:

– Мектептерде бұрынғыша санитарлық ережелер қатаң сақталатын болады. Оқу процессі “бір сынып – бір кабинет” қағидаты бойынша жүргізілуде. Сондай-ақ, нысан үнемі желдетіледі. Білім ұясына кіреберісте мұғалімдер мен оқушылардың дене температурасы тексеріліп жатыр. Ал, қолды өңдеу үшін антисептиктер орнатылған.

Аталған мақсатқа бюджеттен 75 млн теңге бөлініпті. Сақтық шараларының орындалуы қатаң бақылауда болмақ. Қыркүйектен бері облыстағы 62 мектепте жоспардан тыс тексеріс жүргізілген. Қорытынды дайын. 18 білім ошағында санитарлық ережелер еленбеген көрінеді. Жауапсыздық танытқан жауапты тұлғаларға 1 млн 620 мың теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Енді онлайн форматқа ауысқан оқушыларға тоқталсақ. Ұл-қыздар үшін оқу процессі Bilim Land платформасында жүзеге асырылады.

Нәзір Жәшібеков, СҚО білім басқармасының басшысы:

– Петропавл қаласындағы 6-11 сынып аралығындағы оқушылар, яғни 9 мың бала онлайн форматқа ауысты. Сондай-ақ, Назарбаев зияткерлік мектебі де қашықтықтан білім алатын болады. Бұл ретте әлеуметтік аз қамтылған отбасының ұл-қыздарына қазір компьютер табыстаудамыз.

Тура бір аптадан соң колледж бен университет студенттері де оқуларына оралмақ. Жастардың білім процессінде де өзгеріс бар. Лекциялар онлайн өткізіледі. Ал тәжірибелік, лабораториялық сабақтар мен семинарлар штаттық режимде ұйымдастырылмақ. Қайтадан қашықтықтан оқыту форматына ауысу эпидемиологиялық ахуалдың ушығуымен байланысты. Ағымдағы оқу жылы басталғалы өңірімізде 1250-ден аса оқушы коронавирус жұқтырған. Биылғы қаңтар айының өзінде індетке 9 ұл-қыз шалдығыпты.

Эльмира Садвокасова