МТРА жаңалықтары

Араға бір жарым жыл салып беті ашылған қылмыс

Күдікті – 33 жастағы қала тұрғыны. Ер адам көше кезіп жүріп, бөгде біреудің жеке деректері жазылған құжат көшірмесін көріп қалған. Көп ойланбастан, қулыққа баруды шешкен. Ол мәліметтерді пайдалана отыра, интернет арқылы петропавлдықтың атынан 50 мың теңгенің несиесін рәсімдеген.

Полиция қызметкерлері тыңғылықты зерттеу жүргізіп, алаяқтың ізіне бір жарым жылдан соң ғана түскен. Бүгінде аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі, яғни «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Аталған бап санкциясына сәйкес, пысықай 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Данияр Ғалиақпаров, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:

– Интернет-алаяқтықтың құрбаны болмау үшін СҚО ПД криминалдық полиция басқармасы ескертеді: әрбір жағдайда тұрғындар өз мәліметтерін, жеке куәліктерін, жеке деректерін бөгде адамдарға айтпауы қажет. Мысалы, банк қызметкері болып ұялы телефондарға қоңырау шалса, ол адамдарға банктің карталарын және де келіп түскен SMS-кодтарды айтпау қажет. Өйткені олар алаяқтар болуы мүмкін.

Бөтен біреудің атына несие ресімдеу – интернет-алаяқтықтың кең таралған түрі. Дегенмен, биылдыққа өңірімізде аталған әдіс арқылы жасалған қылмыс тіркелмепті. Себебі полицейлер мен шағын несие ұйымдары ортақ келісімге отырды. Енді жеке тұлға кредитті өз деректерін өзі растап қана рәсімдей алады. Жалпы жыл басынан алаяқтардың құрығына 15 солтүстікқазақтандық түсіпті. Әзірге тек 2 фактінің беті ашылған.

Эльмира Садвокасова