Денсаулық сақтау

47 мыңға жуық теріскейлік ревакцинациядан өткен

Николай Лазарев – 72 жаста. Азамат ревакцинациядан өту үшін бүгін 2-ші қалалық емханаға келіп отыр. Терапевтің толық тексерісінен кейін зейнеткерге қосалқы құрам салынды.

Николай Лазарев, қала тұрғыны:

– “Спутник V” вакцинасының қос компонентін шілде айында алдым. Содан бері 6 ай өтті. Яғни, ревакцинацияның уақыты келді.Иммундау шарасынан өзімді және жақындарымды қорғау үшін өтіп жатырмын. Отбасымның барлық мүшесі екпе алған.

2-ші қалалық емханада COVID-19-ға қарсы иммундау шарасы қызу жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін аталған мекемеде тіркеуде тұрған 3 мың петропавлдық ревакцинациядан өтіпті.

Фарида Мұхамеджанова, №2 қалалық емхананың дәрігер-эпидемиологы:

Біздің емханада тіркеуде тұрған 57 мың адам – екпе алуға жарамды. Қазіргі таңда олардың 40 мыңы – 1-ші компонентті, 36 мыңы 2-ші дозаны алды. Ал “Pfizer” вакцинасы 750-ге тарта кісіге егілді. Бүгінде бұл препаратты жасөспірімдер, жүкті және бала емізетін әйелдермен қатар, медициналық қызметкерлер және 60-тан асқан адамдар да салдыруда.

Өңірдегі вакцинация қарқынына тоқталайық, бүгінгі күні COVID-19-ға қарсы екпенің алғашқы қос құрамын 261 мыңға тарта адам алған. Сондай-ақ, 47 мыңға тарта теріскейлік ревакцинациядан өткен. Ал “Pfizer” вакцинасын 7700-ден астам солтүстікқазақстандық салдыртқан.

Алдияр Айтпаев