Қылмыс

Лицензиясы жоқ спирттік өнім мен темекі тәркіленді

Бұл алкоголь және темекі өнімдерінің лицензиясы жоқ. Ірі көлемдегі заңсыз тауар қаланың қақ ортасында сақталған. Полиция қызметкерлері оны Бостандық көшесіндегі қоймалардың бірінен тапқан. Тексеріс барысында мына дүниенің барлығы Петропавлдың 36 жастағы тұрғынына тиесілі екені анықталды. Барлығы – 520 литр алкоголь мен 259 блок темекі тәркіленді. Қазір сараптама жүргізілуде.

Сейілбек Елжасов, қалалық ПБ ЖПҚ бөлім бастығының орынбасары:

– Қоймалардың бірінен полиция қызметкерлерімен акцизі жоқ 520 литр спирт тәркіленді. Бұл дерекке қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 463-бабы бойынша материал жиналып, әкімшілік сотқа жіберілді. Нәтижесі бойынша процесуалдық шешім қабылданатын болады.

Аталған бап санкциясымен жеке тұлғаларға қатысты 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салу көзделген. Бұл – облыс полицейлері жыл басталғалы тәркілеген лицензияланбаған алкогольдің ең ірі партиясы. 2021-дің 12 айында тәртіп сақшылары заңсыз айналымнан құрамында спирті бар 6 мың литрден аса өнім тәркілеген.

Эльмира Садвокасова