Қоғам

Әскерде қызмет ету – әр ер азаматтың парызы

Әскери билетке ие болу жастардың мақтанышын тудырмайды. Жуырда Мемлекет басшысы осындай ой білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірімен жерлесіміз Дмитрий Пытьев толықтай келіседі. Жас болса да украин мәдени орталығының төрағасы атанған азамат жүрегі елім деп соғатын әрбір жас міндетті түрде Отан алдындағы борышын өтеуі қажет деп санайды.

Дмитрий Пытьев, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілі:

Қазақстанның әр азаматы өз еркімен Отан алдындағы парызын өтеуі керек деп есептеймін. Өйткені, еліміз бен жерімізді қорғау – азаматтардың, яғни біздің басты міндетіміз. Оның үстіне қарулы күштер қатарына қабылданып, қызмет еткен жан көп дүниені ұғынып қайтады. Физикалық тұрғыда да шынығады.

18 жастағы Дмитрий оқуын тәмамдағаннан кейін Отан алдындағы борышын өтемек ниетте. Теміржол көлігі колледжінің 3-ші курсында оқып жүрген студент жас білім қуған жастар үшін гранттың көптеп бөлінетінін естіп қатты қуанған екен. Бұл – олардың білімге деген құлшынысын арттырып, білікті мамандардың қатарын көбейтуге септеседі дейді.

Дмитрий Пытьев, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілі:

Жоғары оқу орындарында тегін білім алып, шәкіртақыға қол жеткізу – кез келген ұл-қыздың арманы екені рас. Алдағы уақытта гранттардың саны өссе, болашағымыз одан әрі жарқын болады деп ойлаймын. Өйткені, жастар үшін бұл – үлкен мотивация. Менің ойымша, бұдан кейін өз ісінің кәсіби шеберлері көбейіп, экономикамыз дами түседі.

Белсенді жас жұртшылықты Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11-ші қаңтар күні берген тапсырмаларына құлақ түріп, жұмыла әрекет етуге шақырады.

Алтынай Казиканова