Қоғам

2-ЖЭО-да көз жұмған азаматтың өліміне жұмысберуші кінәлі

Қайғылы оқиға болған күні, яғни желтоқсанның 24-ші жұлдызында жергілікті «Трест Средазэнергомонтаж» серіктестігінің қызметкері арнайы бригадамен бірге Петропавлдағы 2-Жылу электр орталығында жабдықтарды бөлшектеу жұмысын жүргізген. Кейін 3 жігіттен құралған топ тынығып алу үшін күндізгі 11 жарымға қарай сыртқа бет алған. Сол кезде құбырлардың бірі жарылып, қазандықтың алдынан өтіп бара жатқан азаматтарға бу тиген.

Гүлнәр Мырзақанова, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы бөлімінің бас маманы:

– Жігіттер 12-де түскі асқа барулары керек. Олар арнайы құралдармен жұмыс істеген соң, құрал-жабдықтары қызып кетеді. Қымбат дүниені бүлдіріп алмас үшін аппараттарды сөндіріп, ертерек жинала беруді жөне көрген. Олар қауіпсіздік ережелерінің барлығын сақтаған. Жүрген кезде де инструктор белгілеген қауіпсіз маршрутпен қозғалған. Су өткізгіш құбыр жарылған кезде ыстық бу Дамир Садықовқа ғана тиген.

Денесінің 40 пайызы зақымдалған жігіт бірден ауруғанаға жеткізіледі. Оның беті, мойны мен белден төменгі тұсы күйген. Дәрігерлер жас жігіттің өмірімен 10 күн бойы күреседі. Өкінішке қарай, құтқарып қала алмады. Аталған оқиғаға қатысты мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының мамандары арнайы комиссия құрып, жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізді. Олар 27 жастағы азаматтың өліміне жұмысберушіні кінәлі деп таныды.

Гүлнәр Мырзақанова, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы бөлімінің бас маманы:

Комиссия жұмысберушіні 100 пайыз кінәлі деп таныды. Өйткені, қызметкер тарапынан ешқандай ереже бұзу болмаған. Марқұм болған жігіт орталықта тек серіктестіктің тапсырмасы бойынша еңбек еткен.

Оқиғаға байланысты «Қызмет кезінде қаза болды» деген акті толтырылыпты. Құжат ажал құшқан азаматтың жақындарына берілді. Заңға сәйкес, сақтандыру компаниясы Дамир Садықовтың отбасына 100 АЕК көрсеткіш көлемінде өтемақы төлейді. Егер баласы бар болса, оған 18 жасқа толғанға дейін атына төлем аударып отырады. Айта кеткен жөн, Петропавл 2-Жылу электр орталығының өкілдері де жауапқа тартылуы мүмкін. Комиссия ол бойынша бөлек тексеру жүргізіп жатыр.

Бердимурат Баймухан