Балалар

Жасотандықтар Президент тапсырмаларына қатысты пікір білдірді

Қазіргі күні «Jas Otan» жастар қанаты 2021-2025 жылдарға арналған жеке жол картасы аясында жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл бастама 5 тармақтан тұрады. Яғни, белсенділер кейінгі буын өкілдерінің арасында спортты дамыту, білім беру сапасын арттыру, жатақханамен қамту секілді мәселелерді көтеріп, билікке жеткізеді. Соның ішіндегі ең өзектісі – баспана алу. Аталған түйткіл биыл шешімін тауып қалуы мүмкін.

Біржан Құдайбергенов, «Jas Otan» ЖҚ СҚОФ төрағасы:

– Өздеріңіз білетіндей, қазіргі күні «Отбасы банк»-тің ұсынып отырған «Қызылжар жастары» атты бағдарламасы бар. Осы жылы аталған жобаның қосылуын күтіп отырмыз.

Аты айтып тұрғандай бағдарлама тек кейінгі буын өкілдеріне арналған. Жоба іске қосылатын болса, өңіріміздің көптеген қыз-жігіттері армандаған баспанасына қол жеткізе алады. «Өз үйім – кең сарайдай боз үйім!» деп Жиренше шешен айтқандай шағын болса да өз шаңырағың болғанға не жетсін?! Бұл – аймағымызда білікті мамандарды ұстап қалу үшін де жасалып жатқан оң шаруа.

Біржан Құдайбергенов, «Jas Otan» ЖҚ СҚОФ төрағасы:

– Жастарымыздың басқа облыстарға немесе шет мемлекеттерге кетуі – өте күрделе мәселе. Дегенмен, басқа жаққа көшу деңгейі қазіргі күні азайып келеді.

Жалпы, қазіргі күні облысымызда 98 мың 900 жас бар. Қыз-жігіттердің 4 мыңға жуығы «Jas Otan» жастар қанатының құрамына кіреді.

Бердимурат Баймухан