ТКШ

Жол жиегіне қар төккен қала тұрғынына айыппұл салынды

Қыс мезгілі – коммуналдық мекемелер үшін қауырт маусым. Олар күн-түн демей қала көшелерін қардан тазалаумен айналысады. Бірақ, тұрғындар көбіне шаһардың орталығына басымдық беріледі деп отыр. Ал шеткері аудандарда жұмыс сылбыр жүргізілетін көрінеді.

Мен өзім орталықта тұрамын. Ол жақта ақ ұлпа жақсы жиналады. Ал Жұмысшы кентінде өздеріңіз көріп тұрғандай жол жиегінде қар көп. Кей жерлерде тіпті тау боп үйіліп жатыр.

 Орталық көшелерді жақсы тазалайды. Ал шеткері аудандарға кезек кейін келгендіктен болар шаруа сылбыр жүргізіледі.

 Қала таза. Қар уақытылы шығарылады. Түнде техниканың дыбысын ылғи естиміз. Бірақ, кейде жаяу жүргіншілер жолы тазаланбай қалады. Әрине, барлық жерде бірдей деп айта алмаймын. Десе де былтырғы жағдайға қарағанда жақсы. Көңілім толады.

Жалпы, қыс келгелі қаладан 50 мың текше метр қар шығарылған. Күндіз тұрғындарға кедергі келтірмеу үшін коммуналдық мекемелердің жұмысы, әсіресе, түнгі уақытта қызады екен.

Әсем Айтулова, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы :

 Жыл басынан «Благоустройство Север» ЖШС-імен келісімшарт жасалды. Олар кешкі 10-нан таңғы 5-ке дейін қар шығару жұмыстарын жүргізеді. 100-ге жуық техника жұмылдырылған.

Үйінің маңайындағы қарды тұрғындар өздері де шығарып жатады. Ол үшін Шаховское елді мекенінің жанында арнайы полигон бар. Бірақ, кейде артық қыламын деп тыртық қылған жағдайлар бар. Сондай жайттардың бірі қаңтардың 7-сі орын алған. 41 жастағы қала тұрғыны “Газель” автокөлігімен қар шығарып, оны жол жиегіне төгіп кеткен. Аталған азамат енді айыппұл төлеуі тиіс.

Ақжан Әубәкіров,  қалалық ПБ 2-ші полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы:

– Аталған азамат қоқыс араласқан қарды «Гудок» саяжай қауымдастығының аумағына апарып, жол жиегіне төккен. Қала кейпіне нұқсан келтіргені үшін оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Бұл – 60 мың теңге. Егер оны 7 күн ішінде өтемесе, онда төлейтін айыппұл сомасы 40 АЕК-ке дейін артады.

Жалпы, жыл басталғалы қаланы аббаттандыру ережелерін бұзудың 24 фактісі тіркелген.

Магжан Ахмадина